Шаһарымызда Астана күні аталып өтті. Мерекелік кешке қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, Променад сахнасы ән мен күйге бөленді. Көрермендер үшін жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, мерекенің шырайын аша түсті. Кештің қонағы көпшілікке Amre атымен танымал әнші Ернар Садырбаев болды.


Мерекелік концерттің шымылдығын павлодарлық өнерпаздар ашты. Сахнада жергілікті вокалистер, шығармашылық ұжымдар мен жас таланттар өнер көрсетіп, патриоттық және эстрадалық әндерді орындады. 

Мерекелік бағдарламаға Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері де белсене қатысты. Әр ұлттың өнер ұжымдары ұлттық әндерін шырқап, би билеп, Қазақстандағы достық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. 

Юлия Соловьёва, «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің вокалдық ансамбль жетекшісі

Бүгін тамаша күн. Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз гүлденіп, аспанымыз әрдайым ашық болсын. Қазақстанымызда достық, өзара түсіністік пен келісім мәңгі салтанат құрсын. Мереке құтты болсын

Концертке Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістері де қатысып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем әндер орындалып, көрермендер сүйікті шығармаларын бірге шырқады. Өнер иелері тұрғындарды Астана күнімен құттықтады. 

Алмас Мұқатай, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртісі

Бүгінгі осындай тамаша Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай керемет концертті тамашалап жатырмыз. Мереке құтты болсын. Еліміз аман болсын. Тек жақсылықтар бола берсін. 

Кештің шарықтау шегі көпшілік асыға күткен Amre атымен танымал әнші Ернар Садырбаевтың сахнаға шығуы болды. Тыңдармандарының сүйікті туындыларын орындап, көрермендер әндерді қосыла шырқады. 

Ернар Садырбаев, әнші 

Променад өзімізге жылы сахналардың бірі. Жыл сайын келіп тұрамыз. Ертіс өңіріне, павлодарлықтарға алғысымды айтамын. Уақыттарыңызды бөліп, концертімді тамашалауға келгендеріңізге көп рахмет. 

Астана күні Павлодарда ерекше мерекелік көңіл-күймен өтті. Ән мен би, түрлі мәдени бағдарламалар мен жарқын концерт тұрғындарға көтеріңкі рух сыйлады. Мерекелік кеш елорданың ғана емес, ел бірлігі мен ортақ құндылықтарының мерекесіне айналды.


Сабина Жолдаспаева