Павлодарда түркі халықтарының байырғы дәстүрлі мерекесі – Сабантой кең көлемде аталып өтті. Еңбекті ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мереке биыл да түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Шараға шамамен 150 адам қатысқан. Жиналған жұрт ата дәстүрді жаңғыртып, көптен көріспеген ағайын-туыс, дос-жаранмен қауышып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекенің шаттығын бірге бөлісті. 


Егін егіліп, дала жұмыстары аяқталған шақта жердің берекесіне шүкіршілік айтып, маңдай терімен еңбек еткен жандарға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан дәстүр. Осы ізгі ниеттен мың жылдан астам бұрын Сабантой мерекесі дүниеге келген. Бұл – еңбекті, ұлттық мәдениетті және адамдар арасындағы татулықты тоғыстырған ерекше мейрам. Уақыт өте келе Сабантой бір ғана халықтың мерекесі болудан асып, көпұлтты қоғамды біріктіретін ортақ құндылыққа айналды. Мерекеде әуелеген ән шырқалып, өнерпаздар өнер көрсетті. Қолөнер мен ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық ойындарда бақ сынады.

Роза Серажединова, татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары

Сабантойдың мың жылдан астам тарихы бар. Бұл мерекенің алғаш өткізілгені 921 жылы араб саяхатшысының жазбаларында кездеседі. Қазіргі қала жағдайында бұрынғы дәстүрдің бәрін толық жаңғырту оңай емес. Соған қарамастан, белсенді азаматтарымызға, балаларымызға және барлық қатысушыларға алғысымыз шексіз. Сабантой – ең алдымен қуаныш пен қауышудың мерекесі. Адамдар жыл бойы еңбекпен жүріп, бір-бірін жеті-сегіз ай көрмей қалады. Осындай сәтте бас қосып, ән айтып, би билеп, шаттыққа бөленеді. Мысалы, татар халқы ежелден жылқыны ерекше қадірлеген. Әр шаңырақта бірнеше ат ұсталып, мереке кезінде бәйге ұйымдастыру дәстүрге айналған 

Мерекеде бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады. Олар үшін ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қызықты жарыстар өткізілді. Белсенді қатысқан балаларға естелік сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Осылайша, Сабантой жас ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрмен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді.

Роза Серажединова, татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары 

Концерттік бағдарлама, жәрмеңке, балалар мен ересектерге арналған ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Балаларға көптеген сыйлықтар дайындалды. Олар бұл мерекені асыға күтеді. Қатысушыларымыз да өте көп. Байқасаңыздар, мұнда татарлардың саны көп емес. Қатысушылардың басым бөлігі – қазақтар, орыстар және өзге этнос өкілдері. Татарстан мен Башқұртстанда да дәл осындай көрініс қалыптасқан. Сондықтан бүгінде Сабантойды тек татардың немесе башқұрттың мерекесі деп айтуға болмайды. Бұл – баршаға ортақ еңбек мерекесі, қуаныш пен достықтың мерекесі 

Бүгінде Сабантой ұлттық мерекеден әлдеқайда кең ұғымға айналды. Бұл – түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын, көрші-қолаң мен достарды қауыштыратын ізгі дәстүр. Еңбекті құрметтеу, салт-дәстүрді дәріптеу және сыйластықты нығайту – осы мерекенің басты құндылықтары.


Қымбат Садық