Күз келіп жиын-терін науқаны қыза түсті. Осы тұста Аққулы ауданында дәстүрге айналған «Қарбызды өлкем» қарбыз фестивалі өтеді. Биыл да шара жалғасын тауып, 10-шы мәрті ұйымдастырылып отыр. Тәтті өнім фестиваліне 10 тоннаға жуық қарбыз жеткізілген. Біздің түсірілім топ тәтті өнімдерді тамашалап қайтты.

Аққулы ауданы көпшілікке дәмі тіл үйірер қауын-қарбызымен танымал. Көбі жасыл жидекті ауданның «бренді» деп атап кеткен. Тәтті өнім додасына арнайы жеміс-жидектерден, қауын-қарбыздан жасалған ерекше тағамдар тілді үйіріп қана қоймай, көздің жауын да алады. Келушілер назарына фестиваль төрінде көкөніс пен жемістерден жасалған ерекше көрме де ұсынылды. Шара Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқановтың құттықтау сөзінен басталды.

Биылғы шара басқасынан өзгерек. Себебі биыл ұйымдастырушылар фестивалді Аққулы ауданының орталығында өткізуді жөн көрген. Дәстүрлі сипат алған фестивальға ауданның 10 ауылдық округі тәтті өнімдерін алып келді.

Қатысушылар «Қарбызды дойбы», «Қарбызды ұзақтыққа көтеру» сайыстарында бақ сынады. Дүбірлі фестивалдің тағы бір шарты бойынша әр ауылдық округ музыкалық номер ұсынуы тиіс. Қатысушылар тіпті арнайы киім үлгісіне де көңіл бөлген.

Қатысушылар арасында креативті көзқарасымен ерекшеленгендер де кездесті.

Ботакөз Омарханова, қатысушы:

Аққулы ауданның 30 жуық шаруашылығы қарбыз ісімен айналысады. Қабдолла Түсіпов - 20 жылдан астам уақыт қарбыз өсірумен айналысып келеді.

Аққулы ауданында 2 мың гектар алқапқа қарбыз егілген. Онда тәтті жидектің 40 қа жуық сорты өседі. Бүгінде өнімнің 90% пайыздан астамы жиналған. Ал, шара соңы аудан өнерпаздары дайындаған «Аққулы әуені» концерттік бағдарламасымен жалғасып, келушілер мерекелік дастарханнан дәм татты. Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған фестивальдің көкжиегі кеңейіп, Аққулы төрінде жылдан жылға жалғасын табары анық.

Ақмаржан Қалымбек