Павлодарда жазғы концерттердің жабылу салтанатына 40 мыңнан астам халық жиналған. Биылғы маусыммен қимай қоштасқан халыққа эстраданың танымал әншілері өнер көрсетті. Жалпы, биыл Ертіс променад сахнасындағы кештерді жарты миллионнан астам павлодарлық тамашалаған.

Кеш шымылдығы әдеттегідей облыс өнерпаздарының өнер көрсетуімен ашылды. Ертіс променад сахнасын танымал орындаушыларсыз елестету қиын. Жазғы концерттік маусымның жабылуына дәстүр бойынша эстрада әншілері шақырылды. Дегенмен, бұл таңқаларлық жайт емес. Себебі Ертіс Променад сахнасында талай жұлдыз ән шырқады.

Биылдың өзінде өңірдің басты сахнасында 33 эстрада жұлдызы өнер көрсеткен. Биылғы әдемі кештің нүктесін қойған өнерпаздардың қатарында ән сүйер қауымға Мона Сонгз сахналық лақапатымен танылған Манарбек Жұматай да бар. Қоңыр дауысымен көпшілікті тәнті еткен әнші – Павлодар облысы Аққулы ауданының тумасы. Лирикалық әндерімен тыңдарманның жүрегін жаулай білген әншіні жерлестері ыстық ықыласпен қарсы алды. Ал, әншінің бағын жағып, күллі ТМД елдеріне танымал еткен «Салют, Вера» әні шырқалған сәтте мыңдаған адам қосылып, бірге орындады.

Манарбек Жұматай, әнші:

Біздің өңірде осындай ауқымы кең шаралар өткізіп жтқанына өте қуаныштымын. Бұл өнер әлеміне алғашқы қадам жасап жатқан жас әншілер үшін үлкен тәжірибе мен мүмкіндік деп ойлаймын. Ертіс Променад алғаш ашылған жылдары мен дәл осы сахнада өнер көрсеткім келетін еді. Бірақ орайы тумай жүрді.

Дүбірлі шараны Дильназ Ахмадиева жалғастырды. Сахна төрінде 20 жыл өнер көрсетіп жүрген эстраданың танымал жұлдызы Ертіс променад сахнасының көркін қыздыра түсті. Ал, өзінің «Золотой» әнімен павлодарлықтарға ұмытылмас әсер қалдырғаны анық. Себебі, бұл хит туындыны білмейтіндердің жоқтың қасы.

Жазғы концерттер маусымы ашылғалы облыстың бас сахнасында 72 шара, 15 би кеші үйымдастырылған. 600 мыңға жуық адам биылғы жарқын кештердің куәсі болған. Маусымның жабылу салтанатына халық ағыла келді. Бұл жолы 40 мыңнан астам павлодарлық ән кешін тамашалады. Жастар арасында кеңінен танымал «Жоқ жаным», «Қар», «Аспан», «Роза», «Ритм-такт» әндерінің орындаушысы Калифарния динамикалық әндерімен кешке жиналған үлкен-кішінің барлығын билетті. Ал, «Пуерто рико» хиті биылғы маусымның әдемі нүктесін қойды.

Ақмаржан Қалымбек