Облыстың үздік бишілері «Заман ырғақтары» атты байқауда бас қосты. Шығармашылық сайысқа өңіріміздің аудан-қалаларынан жиналған өнер иелері бар шеберлігін ортаға салды. Толығырақ сайысты тамашалап қайтқан тілшіміз тарқатады.

Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында аудан әкімдігінің қолдауымен облыстық бишілер байқауы өтті. Мұнда өңіріміздің түрлі аудандарынан келген бишілер өз өнерлерін ортаға салды. Шараның мақсаты – хореография өнерін насихаттап, ұлттық би өнерінің мәртебесін көтеру.

Би байқауына өңіріміздің қала-аудандарыдан 18 би ұжымы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде қазақ биін, екінші кезеңде түрлі стильдегі биді ұсынды.

Сайыс жеңімпаздарын анықтау барысында өнерпаздардың сахна мәдениетіне, би икемділігіне, костюмдеріне мән берілді. Сахнаны сән мен салтанатқа бөлеген бишілер сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген.

Байқау өскелең ұрпақтың көркемдік талғамын арттыруға үлесін қосты. Барлық қатысушылар алғыс хаттарға ие болса, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар табысталды.

Жұлдыз Қабылденова