Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай және Железин аудандарына жұмыс сапарымен барды. Аудандарда бой көтерген бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Биыл Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы қолға алынған. Бүгінде жоспарлы жұмыс аяқталуға жақын. Аймақ басшысы мәдинет ошағының бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты. Мердігер ұйымның айтуынша, әрлеу жұмыстарын қазан айына дейін аяқталмақ.

Ал, ауданның Жаңатап ауылында қазан айының ортасына дейін жаңа су құбыры халық игілігіне беріледі. Бүгінде жауапты мердігер ұйым жоспарлы жұмысты аяқтаған. Алдағы уақытта жабдықтар жеткізіліп, орнатылмақ.

Сапар аясында аймақ басшысы аудан жұртшылығымен кездесіп, ауданда іске асатын жоспарларды талқылады. Келер уақытта «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданды абаттандыру жұмыстары қарқын алмақ. Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақтоғай тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды кешіктірмей іске асыру міндетін қойды.

Аймақ басшысы Железин ауданына да табан тіреді. Аудан орталығындағы жылу желілері жаңартылған №1 қазандықтың жұмыс қарқынын тексерді. Мұндағы жөнделген екі шақырым құбырға жаңа 1,8 км құбыр қосылған.

Оқушылардың жан-жақты білім алуы үшін қолайлы мектеп салу маңызды. Бұл ретте Моисеевка ауылындағы құлауға шақ қалған мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтермек. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады. Келер жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасы арқылы Прииртышск ауылындағы мәдениет үйі мен кентішілік жолдар да күрделі жөнделмек.

Аймақ басшысы аудан жұртшылығымен кездесіп, тұрғындардың талап-тілектерін де тыңдап қайтты. Тұрғындар көшені жарықтандыру, жолдарды асфальттау және таза ауыз суға қатысты сауалдарын қойды. Жол мәселесі – мол мәселе. Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы аясында Веселая роща мен Железинка арасындағы 32 шақырымдық жолды асфальттау бойынша жоба дайындалмақ.! Бұл тұрғындарға жолды екі есе қысқарып қатынауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аудан өмірін жақсарту жөніндегі жоспарлар ұлғая түседі, деді аймақ басшысы.

Ақмаржан Қалымбек