Ақсу қаласында жылу беру маусымы басталды. Қазір жылу әлеуметтік нысандарға беріле бастады. Ал, 2-ші қазаннан бастап жылу жүйесіне қөпқабатты үйлер қосылады.
Ақсу қаласының жылыту маусымына дайындығы қарқын алды. Қазір 70 әлеуметтік және дайындық паспорты нысандар 100% жылумен қамтылған. Биыл ұзындығы 5,2 км жылу желілеріне жүргізілген күрделі жөндеу аяқталды. Ал, ұзындығы 8,2 км жылу желілерін реконструкциялау және № 11 шағын аудандағы 3,7 км жылу желілерін салу жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Шаһар басшысы Нұрлан Дүйсенбиновтың сөзінше, жылу беру маусымының басталуына еш кедергі жоқ. Яғни, ақсулықтардың биылғы қыстан аман-есен өтуіне барлық жағдай жасалып отыр.
Нұрлан Дүйсенбинов, Ақсу қаласының әкімі:
«Барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Бізде 264 көппәтерлі тұрғын үй жылу беру маусымына толық дайын. 25 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарды, балабақша, мектептерді жылы жүйесіне қостық. 2 қазаннан бастап қаулыға сәйкес көпқабатты үйлерге жылу бере бастаймыз»
Тамыз айында жүргізілген сынақтар барысында жылу желілерінде анықталған 19 зақым анықталған. Қазір ақаулардың барлығы толық жойылған. Қала тұрғындарын жылумен 3 жылу қазандығы қамтамасыз етпек.
Талғат Әміров, 2-АЖҚ-ның басшысы:
«15 қазанға дейін №3 қазандық агрегатындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Төртінші, бесінші қазандық агрегаттарында екі жөндеу жұмысы жүргізілді, ал алтыншыда орташа жөндеу аяқталды. Қаладағы жылыту маусымын үш жылыту қазандығы қамтамасыз етуде»
Биыл Ақсуға 50,5 мың тонна көмір қажет. 1 қазанға дейін тас көмірдің, ал 15 қазанда қоңыр көмірдің жеткізілуі күтілуде. Жалпы қалада 2 көмір қоймасы жұмыс істейді.
Нұрлан Дүйсенбинов, Ақсу қаласының әкімі:
«Ақсу қаласында 2 көмір тасымалдаушы бар. Біріншісі «Убунту» ЖШС. Мұнда көмірді жеткізу автомобильмен де, теміржол көлігімен де жүзеге асырылады. Екінші тасымалдаушы «PVL Trade» ЖШС. Ол Ақсу қаласына көмір әкелуді тікелей жүзеге асырады, жалпы өңірді көмірмен қамтамасыз етеді. Біз кәсіпкерден бағаның халық үшін қолайлы болуын сұрадық. Бізде Майкубен көмірінің бағасы 15500 теңгені құрайды»
Әлеуметтік осал топтағы азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға қайырымдылық науқаны шеңберінде 1 мың тонна тас көмір үйлестірілмек. Бұл шамамен 650-ден астам отбасы көмірмен қамтылады деген сөз. Еске сала кетейік, шаһарда құрылыс жұмысы 4 жылға созылған жаңа қазандық сәуір айында сынақтан өткен еді. Нәтижесінде, жобаны дайындау барысында қателіктер кеткендігі, қазандықтың биыл да іске қосылмайтыны белгілі болды. Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында жаңа қазандықтың жай-күйін бақылап қайтты.
Нәтижесінде жыр болған жаңа қазандық қазір тағы бір гидравликалық сынақтан өтіп жатыр.
Ержан Салханов, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
«Жаңа қазандықты толық қабылдау үшін мемлекеттік сараптама жүргізу туралы шешім қабылданды. Қазір мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. Оң қорытынды болған жағдайда іске қосу-баптау жұмыстары жалғасады. Техникалық тапсырмада көрсетілген сипаттамаларға сай болған жағдайда, қазандық қабылданады. Кері жағдайда бұл мәселе әрі қарай мердігер ұйыммен сот тәртібімен шешілетін болады»
Жаңа қазандықтың қашан іске қосылатыны келер күннің еншісінде. Аймақ басшысы Асайын Байханов жауаптыларға құрылыс жұмысын аяқтап, қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету міндетін қойған еді. Қала әкімі Нұрлан Дүйсенбинов бұл мәселені өзінің қатаң бақылауына алды.
Ақмаржан Қалымбек