1 қазан – қарттар күні. Бұл – саналы ғұмырларын еліміздің өркендеуі үшін тынбай еңбек етуге арнаған қарияларымыздың төл мерекесі. Осыған орай, тілшіміз қаламыздың тұрғыны Ертісбай Жұмабековпен кездесіп қайтты.

Сембай Жұмабеков – соғыс ардагері болған. Жас кезінен еңбекке араласып, 1941 жылдың қараша айында майданға аттанған. Әкесінің өмір жолын Ертісбай Жұмабеков мақтанышпен баянбап берді.

Ертісбай Жұмабеков, Павлодар қаласының тұрғыны:

«Совет Одағының, Кеңес одағының кезінде Прибалтика, Эстония деген елді мекенінде Нарва бекінісін алуға, азат етуге қатысқан. Содан Чехословакия қалаларын: Прага қаласы – астанасын, Венгрия, Будапешт қаласын, Австрия, Вена қалаларын жаудан азат етуге, ұрысқа қатысқан »

Сембай Жұмабеков майданда атқыш, пулеметші болған. Соғыстан кейін мал шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет еткен. Майдан мен ауданның дамуы үшін еткен еңбегі еленіп, бірнеше марапаттарға ие болды.

Ертісбай Жұмабеков, Павлодар қаласының тұрғыны:

«бірнеше медальдардың иесі, екі орденнің иегері. Бірінші ордені – ІІІ дәрежелі даңқ ордені, сосын қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Содан ауданның әскери коммисариаттан жыл сайын 20, 25, 30 жылдық мерейтойлық медальдарын алып тұрған-ды.»

 Ертісбай Жұмабеков әкесінің өз ісіне мығым азамат болғанын айтады. Балаларын да шапшаңдыққа, жауапкершілікке, тиянақтылыққа баулыған.

Ертісбай Жұмабековтің өзі ауылшаруашылық саласында еңбек еткен. Біраз уақыт журналисттік қызмет те атқарған. Ал қазір шығармашылықпен айналысады. Малайсары ауданы жайында «Ауылым – алтын бесігім» атты кітап жазған.

Ертісбай Жұмабеков, Павлодар қаласының тұрғыны:

 «өнер жолында жүрмін өзім міне, өнер саласында, өнер әлемінде, өнер теңізінде дегендей. Жақсы-жамал болсын, азды-көпті болсын, 13-14 жылдың жүзі болды. Өлең шығарып, қара өлең жазамын, екі әнім шықты.»

Қайсарлық пен еңбекқорлықтың үлгісі бола білген осындай қарияларымыз– жас буын үшін өнеге аларлық азаматтар. Олардың өмір жолдары мен тәлім-тәрбиелері – ұрпаққа таптырмас қазына.

Жұлдыз Қабылденова