2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл – ел дамуын күн сайын алға жылжытып жүрген жандарға деген құрмет. Ертіс телеарнасы атаулы жылға орай арнайы бейнематериалдар дайындауда. Кейіпкерлер дәл қазір арамызда еңбек етіп жүрген жандар. Солардың бірі Екібастұз қаласындағы МАЭС-2 кәсіпаорнының өндірісті дайындау цехының басшысы Рамиль Нұрғазинов.

Солнечный кенті – бүкіл өңірді жарық пен жылумен қамтамасыз ететін энергияның отаны. Рамиль Нұрғазинов дәл осы жерде өскен. Қазір ол Екібастұз ГРЭС-2 станциясының үздіксіз жұмыс істеуіне жауап беретін цехты басқарады.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы МАЭС-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

Мен Железин ауданында дүниеге келдім. Бес жасымда біз МАЭС-2 кәспорны жанындағы Солнечный кентіне көшіп келдік. Мектепті осында бітірдім. Мамандығымды таңдау қиын болмады – осындай үлкен, қуатты электр станциясы тұрған соң, жылу энергетигі болуды қаладым. 2002 жылы Павлодар мемлекеттік университетіне «Жылу электр станциялары» мамандығына түстім. Энергетикаға деген қызығушылығым бала кезден болғандықтан, бірінші курстан бастап жазғы жөндеу жұмыстарына слесарь-монтажшы болып қатысып жүрдім. Әр жаз сайын жөндеу кезінде жұмыс істеп, Павлодарда оқуды жалғастырдым. Осылай тәжірибе мен теорияны қатар меңгеру оңай болды.

Рамиль Нұрғазиновтың еңбек жолында түрлі қызметтер болды: ол жылу-механикалық жабдықтарды жөндеумен, электр сүзгілерді орнатумен айналысты, слесарь, өндіріс дайындығының шебері, инженер қызметтерін атқарды. Әр баспалдақта жаңа бағыттарды меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттырды.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы МАЭС-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

2011 жылы Павлодарға көшіп, Павлодар электролиз зауытында анодты өндірістің энергия жабдықтарын пайдалану инженері, кейін жетекші инженер болып үш жыл жұмыс істедім. 2014 жылы ГРЭС-2-де үшінші блоктың құрылысы басталды. Бұл маған өте қызық көрінді – жаңа нысан, монтаж, құрылыс. Сондықтан Солнечныйге қайта оралдым. Технологиялық жабдық бойынша аға инженер болып, металл конструкция жұмыстарына жетекшілік еттім.

Алайда 2015 жылы құрылыс тоқтап, Рамиль жұмыссыз қалды. Бірақ көп ұзамай оның төрт беттік түйіндемесі болашақ басшысының назарын аударды.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы Маэс-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

Менің түйіндемем Қуаныш Мерханұлы Қадырбекке ұнады. Ол мені жұмысқа шақырып, сұхбаттан кейін жылу-механикалық жабдықтарды сынақтан өткізу инженері ретінде қабылдады. Бұл төрт жыл бойы өте қызықты әрі нәтижелі жұмыс болды. Біз екі ұтымды ұсыныс жасап, станцияға үнем, пайда әкелдік.

2019 жылы ол МАЭС-2 өндірісті дайындау цехы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Төрт жылдан кейін сол цехты өзі қолға алды. Бүгінде оның қарамағында 83 маман бар. Рамильдің айтуынша, МАЭС-2 өндірісті дайындау цехы – станцияның жүрегі, мұнда оның үздіксіз жұмысына қажет бөлшектер жасалып, қалпына келтіріледі.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы МАЭС-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

Біз өзге цехтардың тапсырыстары бойынша жұмыс істейміз. Олар өтінім береді, біз материал алып, қажетті бөлшекті жасаймыз. Мысалы, қазір 6-разрядты токарь ауыр жабдықты сақтау ангарларына кіргізуге арналған роликтер жасап жатыр. Барлығы 71 дана дайын, 72-шісі өңделуде.

Механикалық учаске, азот-оттегі станциясы, кран шаруашылығы – бәрі де үлкен өндірістік жүйенің бөлігі. Мұнда ұсақ-түйек жұмыс жоқ, әр бөлшек – энергетикалық алып кешеннің тұрақтылығына үлес.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы МАЭС-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

Біздің цех өте қызық. Мұнда токарь және фрезер станоктары бар механикалық учаске жұмыс істейді. Біз металл конструкцияларын, сорғы біліктерін, штоктар, болттар мен гайкаларды жасаймыз. Азот-оттегі станциясы да бар – ол ауадағы азот пен оттегіні бөліп, таза күйінде өндіріске береді. Сондай-ақ бүкіл станцияны сығылған ауамен қамтамасыз етеміз.

Энергетика саласында жиырма жылдан астам еңбек еткен Рамиль Нұрғазинов өз ісіне әбден берілген. Ол үшін станция – тірі ағза сияқты, мұнда әр элемент маңызды.

Рамиль Нұрғазинов, Екібастұз қаласы МАЭС-2 өндірісті дайындау цехының басшысы

2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Энергетик те – жұмысшы мамандық, әрі өте сұранысқа ие. Электр энергиясына сұраныс артып келеді, жаңа зауыттар салынып жатыр, мамандар жетіспейді. Энергетика қызықты сала, өйткені отын мен судан біз электр энергиясын аламыз. Осы процесті түсініп, білу – ерекше нәрсе. Жастарға осыны оқуға, зерттеуге кеңес берер едім, себебі энергетика әрдайым дамып, өсе береді. Қазақстан да өсіп келеді, жаңа зауыттар, үйлер салынып жатыр, барлығына жарық пен жылу қажет. Міне, біз соны өндіреміз.

Оның көзінде – өз еңбегімен жүздеген үйге жылу мен жарық сыйлап жүрген жанның мақтанышы. Ол өз еңбегінің энергиясын – елдің сарқылмас энергиясына айналдырып келеді.

Жанасыл Серікбол