Осыдан бір жыл бұрын Мойылды ауылында Республика күні, Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйі ашылған еді. Осыған орай қос атаулы күні мәдениет ошағында ауқымды мерекелік концерт өтті. Шарада жергілікті өнерпаздар мен танымал әншілер өнер көрсетті.
Шара ауыл әкімінің құттықтауынан басталды. Ол бірліктің, татулықтың және осындай мерекелік кездесулердің қоғамдағы маңызын атап өтті. Кеш барысында ауылдың әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.
Жеңіс Әбікен, Мойылды ауылының әкімі
Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне әрқайсысымыздың қосқан үлесіміз бар. Әр азаматтың еңбегі елдің ертеңіне салынған іргетас. Бүгінгі бейбіт те берекелі өміріміз татулығымыз бен өзара сыйластығымыздың жемісі. Сондықтан баршыңызды бірлік пен ынтымақты сақтауға, туған жердің көркеюіне ат салысуға шықарамын. Туған еліміздің, Қазақстанымыздың болашағы жарқын, келешегі кемелі болсын.
Бір жыл ішінде Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйі ауыл өмірінің рухани орталығына айналып үлгерген. Мұнда түрлі концерттер, көрмелер мен мәдени шаралар өтті. Ауыл жастары мен өнерпаздарына шығармашылық алаң қалыптасты.
Елдос Төлеубаев, Мойылды ауылы К.Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің басшысы
Халық аллаға шүкір жиналып жатыр. Біздің еліміз аман, отанымыз тыныш болсын деп тілегімізді білдіреміз. Осындай шаралар көбейе берсін. Көк тумыз көкте желбірей берсін. Баршаңызға көп рахмет деп осындай алғыс білдіргім келеді.
Мерекелік концертте ән де, би де болды. Кештің арнайы қонағы, эстрада жұлдыздары Алмас Кішкенбаев болды. Көрермендер сүйікті әншілерін зор қошеметпен қарсы алды. Әнші Алмас Кішкенбаев Мойылды тұрғындарының ерекше ықыласына ризашылығын білдірді.
Алмас Кішкенбаев, әнші
Киелі, қасиетті Павлодар облысының тұрғындарын, барша қазақ елін Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәл осындай Мойылды секілді ауылдарға біз әрине келіп тұрамыз. Шақырған жерден қалмауға тырысамыз. Уақытымыз болып жатса, міндетті түрде осындай шараларға қатысуға ат салысып тұрамыз.
Кешке ауыл тұрғындарымен қатар, Павлодар қаласы мен өзге аудандардан да қонақтар келді. Көпшілік концерттің жоғары деңгейде өткенін айтып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Мерекелік кеш ауыл өмірін жандандырып, тұрғындардың көңілін бір серпілтті. Мәдениет үйінің бір жылдық мерейтойы мен Республика күні бірлесе аталып өтіп, ауыл жұртына ұмытылмас мереке сыйлады.
Сабина Жолдаспаева