Ел игілігіне жол тартқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы іс жүзінде Екібастұз ауылдық аймағында орындалып келеді. 284 миллион теңге сомасына 18 жобаға несие берілді. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланған Шідерті кентінің тұрғыны Артем Таратонов бүгінде өз наубайханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Толығырақ келесі сюжеттен көрейік.
Наубайхана Шідерті кентінде алғаш рет ашылып отыр. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 9 миллион теңге несие алып, бұл қаржыға ротациялық пеш, каскадты ұн елеуіш, қамыр илегіш және түрлі қалыптар секілді толық техникалық жабдықтарды сатып алған. Наубайхана мамыр айынан бастап тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Мұнда қазір 20 түрлі нан және тоқаш өнімдері пісіріледі.
Артем Таратонов, кәсіпкер
Наубайхана ашу идеясы 2017 жылы ойыма келді. Бұл мақсатыма қол жеткізу үшін алдымен жер рәсімдеп, кейін ғимарат сатып алдым. Сөйтіп 5 жыл бойы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, барлық қаражатымыз бен күш-жігерімізді соған жұмсадық. Бұдан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, қолдау таптық. Қаражат бөлініп, барлық қажетті жабдықтарды сатып алдық.
Маусым айында кәсіпкер арнайы Астанадан технолог маманды шақыртып, нан және тоқаш өнімдері бойынша қысқа мерзімді оқу курсынан өткен. Қазір мұнда өндірілген нан-тоқаш өнімдері Шідерті кентінде ғана емес, Екібастұз қаласына да жеткізіледі.
Виктория Таратонова, кәсіпкердің жұбайы
Біз отбасылық кәсібімізді біртіндеп дамытып келеміз. Мен наубайшы міндетін атқарамын. Арнайы технологты шақырып, өзіміз де оқып үйрендік. Жалпы мен кішкентайымнан бері нан пісіруді жақсы көремін. Қазір біз 20 түрлі нан өнімін пісіреміз. Өнім сұранысқа ие.
Жергілікті тұрғындар ауылда наубайхана ашылғанына қуанышты. Бұран ас атасы нанды сатып алу үшін олар қалаға немесе жеткізілген өнімді сатып алатын. Енді тұрғындар күн сайын жергілікті жерден сатып ала алады.
Василий Скиженок,Шідерті кентінің тұрғыны
Нанды үнемі осы жерден аламын. Бұған қоса тоқаш, сондай-ақ басқа да қамырдан жасалған өнім бар. Мұнда дәмді әртүрлі тоқаштар да пісіріледі. Өзім осы маңда тұрамын, дүкен жақсы, нан жергілікті.
Бүгінде наубайханада барлық отбасы мүшелері еңбек етеді. Дегенмен, цехтың кеңеюіне байланысты қосымша жұмысшылар қажет. Айта кету керек, биыл Екібастұз ауылдық аймағына «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 284 миллион теңге көлемінде 18 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл — ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына және жергілікті экономиканы дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр.
Дильназ Қуанышбекқызы