Елімізде балалардың қауіпсіздігі жіті назарға алынып, білім беру мекемелерінде терроризмге қарсы шаралар кешенді жүргізіліп келеді. Осы орайда облыс мектептерінде оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Шара аясында мектептердегі дабыл жүйесі, турникеттер сияқты құрылғылардың қаншалықты талапқа сай екендігі, қызмтеркелер мен оқушылардың жедел әрекет етуі тексерілді. 

Облыс орталығының Малайсары батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде сағат 9-33 дабыл қосылды. 5 минут ішінде білім ордасынан 472 адам эвакуацияланған. Оның 409-і оқушы және 67 қызметкер. Білім беру мекемесі басшылығының айтуынша, мектептегі қауіпсіздік жүйесі күшейтілді. Білім ордасы дабыл турникеттері, турникеттер және бейнебақылау камералармен толық жабдықталған.

Оқу-жаттығу барысында мектеп қызметкерлері терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасымен танысты. Профилактиылық жаттығулар мектепте тұрақты жүргізеледі. Жалпы оқу-жаттығудың негізгі мақсаты тек техникалық құралдардың жарамдығы мен жұмысын бақылау ғана емес, мектеп қызметкерлері мен оқушылардың қауіпсіздікті сақтай отырып, дұрыс әрекет етуін бағдарлау.

Аталған оқу-жаттығулар Оқу ағарту министрлігінің үйлестіруімен үйымдастырылды. 29 қыркүйекке дейін облыстың барлық елді мекеніндегі жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өткізілмек. Ұйымдастырушылар мектептердегі терроризмге қарсы қорғау шараларын көктемде жалғастыруды жоспарға алды.

Ақмаржан Қалымбек