Облыста ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізуде. Мамыр айында арнайы облыстық штаб құрылып, қазіргі уақытта барлық ауданда жедел топтар жұмыс істеуде. Олар қандай шараларды қолға алды? Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды.


Биыл облыс көлемінде 48 мың гектардан астам алқап шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтеді. Бұл аумақтың 36 065 гектары саяқ шегірткелерге, ал 12 764 гектары үйірлі шегірткелерге қарсы өңделеді. Спикердің мәлімдеуінше, үйірлі зиянкестердің таралуын тоқтату үшін республикалық бюджет тарапынан 48,4 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Арман Шүйкенов, «ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК МИК Павлодар ОАИ» ММ инспекциясының басшысы

«Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың барлық 10 ауданында, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында жоспарланған. Айта кету керек, биыл италиялық прусқа қарсы өңдеу көлемі 12,764 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге төмен. Бұл зиянкестер санының табиғи төмендеуімен және өткен жылы жүргізілген іс-шаралардың тиімділігімен байланысты.» 

Жаздың келуімен бірге өңірде шегірткелердің даму кезеңдеріне сай химиялық өңдеу науқаны басталып кетті. Зиянкестердің негізгі ошақтарын уақытылы анықтау мақсатында мамандар 245,2 мың гектардан астам жерде зерттеу жүргізіліп үлгерді.

Арман Шүйкенов, «ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК МИК Павлодар ОАИ» ММ инспекциясының басшысы

«Мониторинг нәтижесінде 23,8 мың га аумақта шегірткелердің қоныстану анықталды. Оның ішінде 6,2 мың га жер экономикалық зияндылық шегінен асып, химиялық өңденуге жатқызылды. Бүгінгі күні анықталғанбарлық 6,2 мың га алқап толық өңделді. Үйірлі шегірткелерге қарсы жоспарланған жылдық көлемнің 41 пайызы орындалды. Ең ауқымды жұмыстар Баянауыл ауданында – 2 190 га, Май ауданында – 1 860 га және Ақсу қаласының ауылдық аймағында – 494 га көлемінде жүргізілді. Аққулы ауданында 720 га алқаптағы өңдеу жұмыстары толық аяқталды.» 

Ал саяқ шегірткелермен күрес шаралары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, 36 065 гектар алқапты қамтиды. Бүгінде жоспарланған аумақтың 31 мың гектары өңделген. Ақтоғай, Павлодар, Успен аудандары мен Павлодар, Екібастұз қалаларының ауылдық аумақтарында өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жақын арада Железин, Ертіс, Тереңкөл және Шарбақты аудандарында да бұл шаралар мәресіне жетеді. 

Арман Шүйкенов, «ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК МИК Павлодар ОАИ» ММ инспекциясының басшысы

«Аталған жұмыстарға 88 маман жұмылдырылған, оның ішінде 63 зерттеуші және өсімдіктерді қорғау жөніндегі 18 инспектор бар. Зиянкестермен күресте жерүсті желдеткіш бүріккіштер, аэрозольді генераторлар және шегірткелерге қарсы қолдануға ұсынылған заманауи препараттар пайдаланылуда. Шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылып отыр. Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы «Россельхознадзор» мамандарымен байланыс орнатқан. Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстарымен және Алтай өлкесімен шектесетін учаскелерде бірлескен мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда шекара маңындағы 34,6 мың гектар аумақ бірлесіп зерттелді. Сонымен қатар, фитосанитарлық жағдай туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасу жүзеге асырылып жатыр. Осындай жұмыстар Абай, Қарағанды және Ақмола облыстарымен де бірлесе атқарылып жатыр.» 

Қолға алынған кешенді шаралар зиянкестердің өрістеуін тежеуге, сондай-ақ шаруалардың өніміне төнген қауіптің азаюына, өңірдегі фитосанитарлық ахуалды қалыпты ұстауға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы іс-қимылдардың сапасы мен барысы – облыстық штабтың қадағалауында.


Жұлдыз Қабылденова