Дүниежүзілік донорлар күні жыл сайын 14 маусымда атап өтіледі. Осыған орай облыстық қан орталығында дәстүрлі мерекелік шара ұйымдастырылды. Ізгілікке үндейтін игі бастамаға қатысқан ондаған азамат қан тапсырып, өзгенің өміріне үміт сыйлауға атсалысты. Адам өмірін сақтап қалуға бағытталған бұл шара донорлық мәдениетті насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.


Таң сәріден қан орталығына ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Өз еркімен қан тапсыруға келген азаматтар дәрігерлік тексеруден өтіп, донорлық миссияға белсене қатысты. Шара барысында тұрақты донорларға құрмет көрсетіліп, олардың қоғам алдындағы сауапты еңбегі ерекше бағаланды.

Меруерт Каденова, жалпы тәжірибелік дәрігері

Қазіргі таңда сағат 10ға дейін 60 донор келді, және ресми 35 донормыз бар. Оларды марапаттаймыз. Әрине қан тапсыру дегеніміз ол тек ғана адамның адамгершілігіне байланысты деп айтамыз. 

Ұйымдастырушылар донорлардың жайлылығы мен денсаулығына ерекше көңіл бөлген. Қан тапсырған азаматтардың тынығып, бой сергітуіне мүмкіндік жасау мақсатында арнайы релакс-аймақ жабдықталған. Мұнда донорлар массаж қабылдап, күш-қуатын қалпына келтіре алады.

Айгүл Қырықбаева, донор 

Мен донор болғаныма көп болды. Менде 1ші отрицательный, ол барлық қан топтарына жағымды. Сондықтан мен кез келген кезде қан тапсырамын. Ерлік деп ойламаймын. Әрбір кісі егер қан тапсырса көптеген өмірлерді сақтап қалады. Сондықтан мұқтаж адамдарға тиімді болсын. 

Донорлардың арасында қанның сирек кездесетін компоненттерін тапсыратын азаматтар да бар. Солардың бірі – тромбоцит донорлары. Бұл компонент ауыр халдегі науқастар үшін аса маңызды. Сондықтан мұндай донорлардың көмегі талай жанның өмірін жалғап, сауығып кетуіне мүмкіндік береді.

Владислав Лавров, донор 

Мен тромбациттерге донор болып жүргеніме 7 жылдан асты. Тромбоциттер қажет кезде келіп тапсырып отырамын. Адамдар тромбоциитерге мұқтаж кезде мен қарсылық таныта алмаймын. Себебі олардың ары қарай өмір сүруіне көмектескім келеді.

Мамандардың айтуынша, осындай тағылымды шаралар қоғамда донорлықтың маңызын арттырып, қайырымдылық мәдениетінің кеңінен қалыптасуына ықпал етуде. Соның нәтижесінде жыл сайын донорлар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Егер биыл жыл қорытындысы бойынша 13 мың донорға жету жоспарланса, алғашқы төрт-бес айдың өзінде шамамен 6 мыңға жуық адам донорлыққа келіп үлгерген.


Дильназ Қуанышбекқызы