Павлодардағы «Жұлдыз» стадионында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында мектеп оқушылары Ертіс футбол клубының ойыншыларымен кездесті. Ерекше шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спорт әлеміне жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Жерден қолды бүгіп-жазу, планка жасау, созылу жаттығулары және доппен жұмыс. Футболшылар үшін бұл – күнделікті дайындықтың бір бөлігі. Ал оқушылар үшін кәсіби спортшылардың жаттығу барысын жақыннан көрудің таптырмас мүмкіндігі. Көпшілігі мұндай көрініске алғаш рет куә болды.
Асылқайыр Бағаутдин, №14 мектеп оқушысы
Бүгін «Ертіс» футбол клубының ойыншыларымен кездестік. Олардың қалай жаттығатынын көрдік. Бізге өте ұнады. Футболшылармен суретке түсіп, жақсы әсер алдық.
Кездесу аясында оқушыларға стадионға экскурсия ұйымдастырылды. Балалар клубтың тыныс-тіршілігімен танысып, футболшылармен еркін пікір алмасты. Олар спорттағы жетістікке жетудің жолы туралы сұрап, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Дархан Әметаев, Павлодар қаласы прокурорының орынбасары
Мақсатымыз – балаларды спортқа баулу, олардың футболға деген қызығушылығын арттыру. Бүгін олар өздері жанкүйер болатын команданың ойыншыларымен жүздесіп, жақынырақ танысты. Мұндай кездесулер жасөспірімдерге үлкен мотивация береді деп ойлаймыз.
Шара соңында оқушылар сүйікті футболшыларынан қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер балалардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, табысқа жетудің негізі тәртіп пен тынымсыз еңбек екенін түсінуге көмектеседі.
Дильназ Қуанышбекқызы