Дәлелдер жинап, қылмыстық істің ақ-қарасын ажырату – тергеушілерге жүктелген маңызды міндет. Әрбір істі мұқият зерделеп, заң үстемдігін қамтамасыз ету асқан кәсібилікті талап етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Бибарыс Құсайынов осы жауапты қызметтің жүгін арқалап жүр. 


Тараз қаласының тумасы Бибарыс Құсайынов қазір Павлодар қалалық полиция басқармасында аға тергеуші лауазымында қызмет етеді. Маманның айтуынша, аталған саланы таңдауына бала кездегі қызығушылығы себеп болған. Ішкі істер органдарындағы бес жылға жуық еңбек жолында тәртіп сақшысы бірнеше бөлімде шыңдалып үлгерді.

Бибарыс Құсайынов, Павлодар қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі

«Тергеуші болып, полиция қатарында қызмет етуді бала кезімнен армандадым. Түрлі кітаптарда, журналдар мен фильмдерде полиция қызметкерлерінің сюжет қаһармандарына айналғанын көріп өстім. Сол себепті арманымды жүзеге асырып, осы саладағы жұмысқа орналасуды жөн көрдім. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолымды Павлодар қаласында бастадым. 2021 жылы Оңтүстік полиция бөліміне жұмысқа орналастым. Кейін, 2025 жылы тәжірибе жинақтап, Павлодар қалалық полиция басқармасына ауыстым» 

Қазіргі уақытта Бибарыс Құсайыновтың өндірісінде 7 қылмыстық іс бар. Оның төртеуі есірткі заттарын тарату дерегі бойынша қозғалған. Маман бұл дерттің қоғамға төндірер қаупі зор екенін ескертеді. Ол жеңіл ақша тапқысы келетіндерді қатаң жаза күтіп тұрғанын алға тартады.

Бибарыс Құсайынов, Павлодар қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі

«Жеңіл жолмен тез табыс тапқысы келгендердің бұл әрекеті соңында түрмеге қамалуына ұласады. Мұндай қылмыстар үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құқықбұзушылықтың бұл түріне баратындардың көбі – жасөспірімдер. Тіпті 16 жастан бастап-ақ есірткі заттарын таратумен айналысатындар бар. Баршамызға ҚР Қылмыстық кодексі бойынша 16 жасқа толған тұлғалар заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Қазіргі қылмыстың бұл түрі жаһандық сипатқа ие болғандықтан, біз толық әрі объективті жұмыс жүргізудеміз. Сондай-ақ тергеуші ретінде менің міндеттеріме қылмыстық істерді тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз ету, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған субъектіге құқықтық баға беру, сонымен қатар қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарын ашу кіреді». 

Тергеушілердің жұмысы адамдардың тағдырымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл қызмет асқан жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Қызметтің қиындығына қарамастан, өз кәсібіне адал кейіпкеріміз бүгінде атқарып жатқан жұмысын мақтан тұтады.

Бибарыс Құсайынов, Павлодар қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі

«Павлодар қаласының полиция басқармасында аға тергеуші болып қызмет ету — мен үшін үлкен мақтаныш. Жұмысымыз кестеге бағынбайды, істің соңына жеткенше қала аламыз. Көптеген тапсыраманы қатар атқарамыз. Осындай сәттерде ішкі істер органдарының ішіндегі сәл жеңілдеу қызметке ауыссам ба деген ойлардың келгені жасырын емес. Бірақ, бұл саладан кетіп қалу туралы ой туындаған емес. Отбасым да, достарым да менің тергеу саласында жүргенімді, осы бір тамаша мамандықтың өкілі екенімді мақтан етеді.» 

Тәртіп сақшысының қажырлы еңбегі – қауіпсіз қоғамның кепілі. Уақытпен санаспай, әділдік жолында тер төгіп жүрген кейіпкеріміздің қызметі – бүгінде көпке үлгі.


Жұлдыз Қабылденова