Облыс орталығында Міржақып Дулатұлының өміріне арналған «Оян, қазақ!» фильмінің тұсаукесері өтті. 

 «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қазақ зиялылары туралы туындылар түсіруді қолға алған. Солардың бірі – «Оян, қазақ!» жобасы. Көркем туынды телехикая ретінде көпшілік көңілінен шыққан. Сондай-ақ ұлттық сериалдар байқауында «Үздік сериал» атанған. Бұл жолы фильм ретінде көрерменге жол тартты.

Данияр Жұмаділ, «Жебе» ҚБ төрағасы:

Өздеріңізге белгілі, қыркүйек айының 21-нен бастап Қазақстан бойынша «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің көрсетілімі басталған. Ол ел тұрғындарының арасында сұранысқа ие туындылардың бірі. Тақырыбы Алаш, ұлттық тақырып болған соң, өте жақсы қабылдап жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, көрсетілім сәл кеш басталып жатыр. Өйткені біздің кинотеатрлар қазақ қоғамы тарихи фильмдерге көп келмейді деген желеумен осы көрсетілімді шегерген болатын осы жолы «Міржақып. Оян, қазақ» фильмінің қалада көрсетілуіне Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков көп септігін тигізді.

«Оян, қазақ!» кинокартинасы Алаш қайраткері өміріндегі маңызды оқиғаларды қамтиды. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабының шығуы, қазақ әдебиетіндегі алғашқы романның жазылуы, ашаршылық, революция жылдарындағы қоғамдық-саяси қызметі мен жеке өмірі баяндалады.

Фильмді көруге келген халықтың қарасы көп болды. Билеттер 1,5 сағат ішінде толық сатылып кетіп, кинотеатрлар сеанс санын көбейтуді ұйғарған.

Міржақып – ұлт руханияты мен мемлекеттің қалыптасуы үшін ерен еңбек еткен тұлға. Оның өмірлік жолы – кейінгі толқынға өнеге. Сондықтан фильмге келген жастар саны да көп болды.

Арайлым Сүндет, «жасыл ел» еңбек жасағының белсендісі:

Жасыл ел» жасағында жұмыс істеген студенттерімізбен бірге бүгін «Оян, қазақ!» фильмін тамашалауға келдік. Алған әсеріміз өте керемет. Менің осы фильмнен алған әсерім – қоғамдық өмірде белсенді болу керек. Ешқашан да сенің үстіңнен таптаған адамдарды мойындамау керек. Ең бастысы – талант бар, отансүйгіштігің бар, бастысы – сол. «Міржақып Дулатовтың қажымас қайраты, ешкімді мойындамауы, өзін көрсете білуі, сенімділігі өте қатты ұнады.

Бұған дейін «Оян, қазақ!» телехикая ретінде ұсынылған болатын. Туынды көрермен жүрегіне жол тауып, арнайы фильмді көруге келген көрермендер де болды.

Досжан Мұратбек, Павлодар қаласының тұрғыны:

Облыс орталығында «Оян, қазақ!» фильмі көрсеіледі дегенді естіп, бірден билет алуға асықтық. Қазір енді кинодан шыққан бетіміз. Үлкен әсерде тұрмыз. Алашордалықтардың, қазақ зиялыларының, соның ішінде Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғаларымыздың ерен еңбектерінің біз тағы да бір куәсі болдық десек болады. Сондықтан осы фильмді түсіруге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, сценарий авторлары, режиссерлерге алғысым зор. Тәуелсіздіктің оңай келмегендігі, тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды екендігі, еркін елде өмір сүргеніміз, «Оян, қазақ!» фильмінен көріп, бізді шүкірге, тәубеге келтірді

Фильмді тамашалаған көрермен қауым көздеріне жас алып, керемет әсерге бөленді. Мұндай туындыдан рухтанып, жігерлене түскендерін жеткізді.

Егінбай Амангелді, Павлодар қаласының тұрғыны:

 Алашорданың тұлғалары сияқты көптеген көрген қиыншылықтары, соның ішінде Міржақыптың көрген қиыншылықтар көрсетілген. Көзімізге еріксіз жас келді деуге болады. Осыны жас ұрпақ түсінсе екен деген ойдамыз.

Көрермендер сұранысына байланысты фильмді қаламыздың бірнеше кинотеатры қатарынан үш күн көрсетеді. Осы уақыт аралығында тұрғындардың тарихи-драмалық туындыны тамашалауға мүмкіндігі бар.

Жұлдыз Қабылденова