Қарағанды театры гастрольдік сапармен келді
Павлодар қаласына гастрольдік сапармен К.С. Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры келді. Көршілес өңірден келген өнер ұжымы үш күн бойы көрермендерге мазмұнды театрлық бағдарлама ұсынды. Әсіресе, балаларға арналған қойылымдарға ерекше көңіл бөлінді. Жас көрермендер үшін «Насреддиннің алтын есегі» атты шығыстық ертегі мен көпшілік сүйіп көретін «Щелкунчик» қойылымы сахналанды.
«Насреддиннің алтын есегі» атты шығыстық ертегі кішкентай көрермендерді қызықты оқиғасы мен әзіл-қалжыңы арқылы баурап қана қоймай, өмірлік маңызды құндылықтар туралы ой салады. Жақсылық пен жамандықты ажырата білуге, тапқырлық танытуға, ашкөздікке бой алдырмауға және қулық пен пайдакүнемдіктің әрдайым жақсылыққа жеткізе бермейтінін түсінуге үндейді.
Қарағанды мемлекеттік театры – драмалық өнер дәстүрін көп жылдан бері сақтап, дамытып келе жатқан елімізге танымал театр ұжымдарының бірі. Театр репертуарында классикалық шығармалар, заманауи пьесалар, комедиялар мен балаларға арналған қойылымдар бар.
Денис Цветков, К.С.Станиславский атындағы қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының актері
«Қойылымдарымыз әртүрлі жанрда, өте қызықты. Біз екі комедия алып келдік. Олар – «Ханума немесе не қаласаң» және «Боинг-Боинг». Сондай-ақ Чехов атындағы орыс драма театрында А.П. Чеховтың пьесасын сахналамай кетуге болмас. Бұл – «Шие бағы» қойылымы. Көрермендеріміз бейжай қалмайды, спектакльдеріміз оларға ұнайды деп ойлаймын».
Театр ұжымының кәсіби жетістіктері де аз емес. Актриса Светлана Потёмкина «Жылдың үздік әртісі» номинациясы бойынша Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болды. Бұл марапат – оның таланты мен театр өнерін дамытуға қосқан үлесінің лайықты бағасы.
Қарағандылық театрдың өнер көрсетуі павлодарлықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көпшіліктің жадында ұзақ сақталатын жарқын мәдени оқиғаға айналды.
Самал Қалиқызы