«Парасат» оқырмандар клубының алғашқы басқосуы өтті
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен «Jebe» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ашылған «Парасат» оқырмандар клубының алғашқы басқосуы өтті. Мұнда кітап талқыланып қана қоймай, үздік оқырман да анықталып, қаржылай сый табысталды. Толығырақ тілшіміздің материалында.
Клуб мүшелері алғашқы талқыға Дулат Исабековтің «Қарғын» романын таңдап, шығарма әлеміне терең бойлады. Әр оқырман туындыны өзінше танып, авторлық ойдың астарына үңілді.
Зерде Атахай, студент, «Парасат» оқырмандар клубының мүшесі
Өзіме сюжеттік желіден гөрі, әр оқиғаны, адамның олмысын сипаттауы Дулат Исабековтің өте ерекше.Бір адамға 2-3 беттен тоқталады, бұл адамға өте үлкен әсер береді. Көп адамның ойынша, «Қарғын» кітаы махаббатың айналасында ой толғайды деп ойлайды, менің ойымша олай емес. Ол адамның ішкі жан дүниесі, адам мен өмір арасындағы байланыстарды көрсететін үлкен шығарма деп ойлаймын.
Кітапқа деген құштарлық жас талғамайды. Оған клуб мүшелерінің қатарындағы зейнеткердің оқырмандық өнегесі дәлел. Қария үшін кітап оқу – бос уақыт өткізу емес, таным көкжиегін кеңейтіп, кейінгі буынға үлгі болудың бір жолы.
Кездесу аясында қатысушылар білімдері мен зерделерін сынға салатын екі кезеңнен тұратын зияткерлік сынаққа қатысты. Нәтижесінде ақын Алтай Қадырбек үздік оқырман атанып, 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал тағы екі қатысушыға ынталандыру сыйлығы ретінде ат орталығына сертификат табысталды.
Оразбек Саяхат, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Елімізде қазір «Кітап оқитын ұлт» марафоны жүріп жатыр. Сондықтан біз осы Мемлекет басшысының бастауына қолдау білдірейік деген ниетпен осы марафонда берілген кітапты таңдап жатырмыз. Осы марафонда 8 бағыт бар, оның біреуі «Парасат». Қалған жеті бағыт бойынша: колледжде оқитынтар, жас педагогтер, оқитын әулет деген сияқты бағыттардың барлығын қамтып шығамыз Қарғын кітабы осы зияткер бағытындағы 15 кітаптын ішінен таңдалған.
Алғашқы кездесу аяқталғанымен, рухани сапар енді басталды. Клуб мүшелері келесі басқосуға Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасын оқып келуге уағдаласты. Ал әдебиетке құштар, кітаппен бірге кемелденуді қалайтын кез келген жанға «Парасат» оқырмандар клубының есігі ашық.
Қымбат Садық