Негізгі Жаңалықтар Халыққа жақын медицина

Халыққа жақын медицина

Облыста өңіріміздегі үш қалада денсаулық сақтау саласы бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні ұйымдастырылды. Оның аясында тұрғындарға қандай көмек көрсетілді? Павлодардағы іс-шара барысымен танысып қайтқан әріптесім жалғастырады.


Аймақтағы медицина мекемелерінің өкілдері Естай атындағы мәдениет сарайына жиналды. Мұнда келген тұрғындарды кіреберісте қызметкерлер қарсы алып, қойған сұрақтарына сәйкес тиісті мамандарға бағыттады.

Ермек Кучуков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Бұл бастаманың қолға алынуы медицина саласының халық үшін аса маңызды болуымен байланысты. Себебі облыс тұрғындары ерте ме, кеш пе осы саламен бетпе-бет келеді. Әлеуметтік желілер, байланыс орталықтары мен азаматтардың арыз-шағымдарын талдау нәтижесінде жүгінушілер саны артқанын көріп отырмыз. Бүгін тұрғындар медициналық ұйым басшыларына кезексіз, артық бюрократиясыз тікелей келіп, түйткілдерін осында шеше алады. Талдау көрсеткендей, өтініштердің шамамен елу пайызы тұрғындардың қайда барарын, кімге жүгінерін білмеуінен туындайды, ал мұнда біз олардың бәрін түсіндіріп жатырмыз.

Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ашық есік күніне қаладағы барлық стационар мен емхана қатысты. Олар шаһар тұрғындарына қолдан келгенше жан-жақты көмек берді.

Қуат Ғабдулғазизов, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана басшысының орынбасары

Біз таңғы сағат онда жұмысымызды бастадық, осы уақыт аралығында Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға үш адам жүгінді. Олардың бірі тізе буынының остеоартрозын емдеу мәселесімен келді. Біз тұрғынның барлық сұрағына жауап беріп, әрекет ету алгоритмін түсіндірдік. Атап айтқанда, ол алдымен тізе буынының рентгенінен өтуі керек, кейін осы рентгенографиямен Малайсары 66 көшесіндегі біздің травматологтың қабылдауына жазылуы қажет. Сол жерде ол дәрігерден кеңес алады, одан соң түпкілікті диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалады. Егер ота жасау қажет болса, эндопротездеуге кезекке қойылады.

Жиналған жұртшылық мәселелерін оңтайлы шешті. Тұрғындар керекті ақпаратты алып, бұл іс-шараның өте пайдалы болғанын айтып, алғыстарын білдірді.

Людмила Рожкова, Павлодар қаласының тұрғыны

Бүгін дәрігердердің азаматтарды тегін қабылдайтыны туралы хабарландыруды оқыдым, сөйтіп қабылдауға келдім. Мені дәрігер өте мұқият тыңдады. Барлық тапсырған сараптамам мен медициналық тексеру нәтижесін өзіммен бірге ала келген едім. Қуаныштысы, мәселем оң шешімін тапты. Маған №1 емхананың басшысы кеңес берді. Барлығына көңілім толды. Баршамыздың денсаулығымыз мықты болсын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Тұрғындар мен дәрігерлердің тікелей жүздесуі кері байланысты нығайтады. Сондай-ақ қай мекемеге шағым көп түсетіні, қандай мәселелер жиі туындайтыны сараланып, қорытынды жасалады.


Жұлдыз Қабылденова




Бөлісу