Биыл «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығына 20 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай өнер ошағында бірқатар ауқымды жоба қолға алынған. Бүгін «Өнер додасы» атты аудан-қала өнерпаздарының байқауы басталды.

Ерекше форматтағы өнер додасы өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 7 номинация бойынша сынға түседі. Кіл жүйріктер тоғысқан байқау шымылдығын Екібастұз бен Ақсу қалаларының өнерпаздары ашты.

Замира Солтанова, «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының басшысы:

 Ерекше форматтағы жобаны ойлап таптық. Аудандарға ұсынған едік, бірден қолдау таптық. Жалпы «Өнер додасв» байқауымыз қалалар мен аудандар өнерпаздары бәсекеге түседі. Былайша айтқанда өнер жекпе-жегі, ән-күй, ұлттық ансамбль, ұлттық биден, ерекше аспапта ойнайтын бағыттарды қосып отырмыз.

Бағдат Әлекпаев - Екібастұз шаһарының намысын қорғап келген сөз өнерінің майталманы. Қазақтың көне өнері айтысты жанына серік еткен ол сахнада 30 жылға жуық уақыт өнерін паш етіп келеді. Бірқатар республикалық байқаулардың лауреаты. Қара сөздің қадірін білген өнерпаз бұл жолы да жыр додасына тыңғылықты дайындықпен келген.

Ақсу қаласынан ат терлеткен өнерлі ұжым да есе жіберер емес. Ажарлы шаһардың өнерлілері айтыс, дәстүрлі әнді нақышына келтіріп орындады.

Оралбек Бақытхан, қатысушы:

Облысымызда бұрын сонды болмаған ерекше жоба болып жатыр. Енді келгеннен кейін қаншама аудан арасынан үлкен үмітпен келеміз, бұл енді жастар үшін де, енді өнерге қадам басқан жастар үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан осындай жобалар бола берсін. Барлығана сәттілік тілейміз.

Келер аптада Шаңырақ орталығының сахнасында Май ауданы мен Успен ауданының қатысушылары өнер көрсетеді. Бас жүлдеге бәсеке мықты болары анық. Топ жарған жеңімпаздарға 1 миллион теңге табысталады. Тартысты өнер додасының жүлдегерлері 15 қарашада анықталмақ.

Ақмаржан Қалымбек