Жыл сайынғы кітапхана түні шарасы биыл да жалғасын тапты. Облыстық кітапхана қонақтарға жақсы көңіл-күй мен пайдалы ақпарат ұсынды.

Кітапханадағы түн – тұрғындар үшін кітапхананың мәдени атмосферасын сезініп, көңілді уақыт өткізуге тамаша мүмкіндік. Бірегей шара қала жұртшылығының бос уақытын тиімді өткізу арқылы кітапхана мен тұрғындардың байланысын нығайтуды мақсат етті.

Шолпан Шахметова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысы:

 Тұрғындар өздеріне қызықты іс тапсын деген мақсатпен және олардың ұсыныстарын ескере отырып, биыл 20-дан аса алаң ұйымдастырдық. Бұл – осы жылдың ерекшелігі деуге болады. Себебі, өткен жылы 15-ке жуық алаң болған. Тағы бір ерекшелік – шара облыстық кітапхана өтіп жатыр және бұл –күзгі бал форматындағы бірінші шара. Әрине, сайыстар және баллдың патшасы мен патшайымы анықталады. Сондай-ақ түрлі сыйлықтар болады.

Кітапханадағы түнде тұрғындар үшін түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылған. Олардың қатарында сайыстар, жәрмеңке, өнерпаздар шығармашылығы, тіпті шеберлік сабақтар да болды.

Марал Тәженова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері:

Романс кеші, күзгі арбат өткізіледі. Қолөнер шеберлері бұйымдарын ұсынып, көркемсурет колледжі студенттері сурет салады. 1-қабатта этномәдени орталықтар бар. Оған қазақ, грек, армян мәдени бірлестіктері қатысады. Сондай-ақ балалар алаңы, астролог, нумеролог мамандар, пилатес, шай демдеу сияқты көптеген шаралар ұйымдастырылып отыр.

Кеш барысында «Күзгі блюз» музыкалық-поэтикалық шарасы өтті. Мұнда қазақ, армян, грек мәдени орталықтарының өнерпаздары ұлттық әуендерін шеберлікпен орындап, көрерменді ерекше сезімге бөледі.

Айнұр Қадырова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері:

Кітапхананың халықаралық кітаптар секторында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты жоба ұйымдастырылған. Мұнда оқырмандарға мемлекетімізде қандай ұлт өкілдері өмір сүретіні, олардың қандай салт-дәстүрлері бар екені, қандай тілде сөйлейтіні, қандай ұлттық ойындары бар екені ұсынылады. 2 жыл бойы осы жоба аясында түрлі шаралар өтіп келеді. Бүгін сол жобаға қатысушы грек және армян этномәдени орталықтарын шақырдық. Кітапхана түні барысында олар көрерменге өз мәдениеттерін таныстырады.

Кітапханадағы түннің басты шарасы күзгі балл патшасы мен патшайымын анықтау болды. Бұл атаққа ие болу үшін жұптар сайыстарға қатысып, білімі мен өнерлерін ортаға салды.

Виолетта Никитина, күзгі балл сайысының жеңімпазы:

 «Бүгінгі күзгі балл сайысына қатысқанымызға қуаныштымыз! Баллда барымызды салып, жеңіске жеттік, сол себепті өте ризамыз.» 00.24

Осылайша, шара мәдени ошаққа келген тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Кітапханадағы түн жыл сайын ұйымдастырылып, қызықты да тағылымды шаралар легін жалғастырмақ.

Жұлдыз Қабылденова