Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар жоғары оқу орындарына грант алуда. Бұл жаңашылдық жас сарбаздарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы олар ұлттық бірыңғай тестілеуден тыс, әскери борыштарын өтеп жүріп, оқуға түсуде.
Қорғаныс министрлігі бұл бастаманы іске асыру үшін қазір еліміздің 40 тан астам ЖОО мен келісімге келген. Осылайша жылына 3 мың сарбаз жоғары оқу орындарына жолдама алмақ. Бұл әскерге шақырылғандардың оннан бір бөлігі. Сарбаздар әскери дайындықтан жоғары көрсеткішке ие болса, қалаған оқу орынын таңдап, қалаған мамандық иесі атана алады. Әскериде жүріп жоғары білім алуға жолдама алғандардың бірі Тілек Амантай. Ол Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде борышын өтеуде.
Тілек Амантай, 6679 әскери бөлімінің сарбазы, грант иегері:
ЕНТ тапсырып, тест тапсырып, ондай қажеттілік жоқ. Әскерде біз норматив тапсырамыз. Оған балл қойылады. Атыс алаңынан, дене шынықтырудан, әскери тәртіп бойынша алған баллдарың қаралып, бағалар қойылады. Осылайша әскери грантқа баллымыз жетіп тұр. Алматы қаласындағы инженерлік және байланыс военный институтқа баллым жетіп, грантты алып тұрмын.
Бұл мүмкіндікке ие болған сарбаздардың бірі Еркебұлан Жеткергенов. 6679 әскери бөлімінің жауынгері. Павлодар қаласына Қызылордадан азаматтық борышын өтеуге келген. Осылайша жоғары оқу орынын да Павлодардан таңдапты.
Еркебұлан Жеткергенов, 6679 әскери бөлімінің сарбазы:
Әскери бөлімде 300 шақты адам тапсырдық. 4 адам түсті. Екеуі военныйға түсті. Және екі адам Павлодар қаласына. Бағымызды сынап көрдік. Кем қалған жоқпыз. Өттік. Ойлаған жоқпын түсіп кетем деп. Жай ғана тапсырғам. Нәтижесі осы.
Үміткерлер сарбаздардың жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер министрлік сайтының "Срочники 2.0" цифрлық платформасында тіркеледі. Жоғары оқу орындары мен мамандықтар бойынша бөлу жұмыстары да дәл осы ақпараттық жүйенің көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Ал, іріктеуден өтпеген сарбаздардың қызметі аяқталған соң екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар.
Жанасыл Серікбол