Өрт оқиғалары жылыту маусымында жиілейді. Осы ретте тілсіз жаудың алдын алу шаралары маңызды. Биыл тұрғын үй секторында болған өрт салдарынан 1 адам көз жұмған. Ал, тағы бір азамат жарақаттанды. Төтеншеліктер өрт себептері мен қауіпсіздік талапатарын түсіндірді.

Биыл облыста тұрғын үй секторында 17 өрт тіркелген. Салдарынан бір адам бір адам жарақат алып, тағы бір азамат көз жұмған. Өрт жылыту маусымында жиілейтіні белгілі. Оның алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті тұрақты негізде тұрғындар арасында профилактикалық шаралар жүргізеді. Дегенмен сонда да өрт дерегі тыйылары жоқ. Сала мамандары тілсіз жаудың басты себептерін атады.

Облыста 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік осал топтағы 1200 астам отбасы, 4 мыңға жуық тұрғынына профилактикалық жұмыс жүргізілді. Үй-жайларды тексеру барысында 268 бұзушылық анықталған. Тұрғындарға ақауларды қалыпқа келтіру бойынша кеңес берілді. Бұнымен қоса 203 көміртегі тотығы датчигі орнатылды.

Жауаптылардың сөзінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болады. Бір ғана дәйек – осы жылы өрт салдарынан қаза тапқан азаматтың төсекте темекі шеккені белгілі болды. Салдарынан үйді тілсіз жау жалмап кеткен. Сондай-ақ көп жағдайда мұржаны уақтылы тазаламау да қайғылы оқиғаларға себеп. Сондықтан мамандар тұрғындардан жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын ерекше назарға алуды сұрайды.

Тілсіз жаудың басты себептерінің тағы бірі – қараусыз бала. Төтеншеліктер ата-аналарды балаларға бас көз болуды сұрайды. Бұдан бөлек қазір облыста жатақхана жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 13 мобильді топ 21 жатақхана мен 2 хостелді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау және білу тұрғысынан азаматтарға әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Ақмаржан Қалымбек