Павлодарлықтар әлем чемпионы! Джиу-джитсудан Латваияда өткен ауқымды халықаралық турнирде жерлестеріміз жеңіс туын желбіретіп қайтты. Спортшылар 8 алтын, 2 күміс жүлдені иеленді.

Жауынгерлік спорт әлемінде бапкер жай ғана жаттықтырушы емес. Ол шәкірттерді тікелей биік шыңдарға жетелейтін тұлға. Бапкерлікте бағы жанып, игілігін көрген жандардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әлжанов. Оның қолдауы мен жолбасшылығының арқасында көптеген жеңістерге жол ашылды.

Даулет Альжанов, джиу-джитсудан қр еңбек сіңірген бапкері:

Біздің шәкірттер барлық тұжырымдама бойынша қатысты. Барлығы төрт деңгей. Сонымен қатар біз Алматыда өткен Азия чемпинаттына да қатыстық. Ол сайыста да біздің спортшылар өнер көрсетіп, алтын, күміс жүлделерге қол жеткізді

Әлихан Ерлан өткен жылғы Азия чемпионатын қатысқан талантты спортшылардың бірі. Ол биыл ең биік мақсатына қол жеткізді. Әлем чемпионатынан ол үш алтын, бір күміс медальдар жиынтығымен оралды.

Әлихан Ерлан, джиу-джитсудан әлем чемпионы:

Былтырғы Азия чемпионатында жетпеген мақсатымды биыл бағындырдым. Қорқыныш болғаны рас. Десе де өз-өзімді жиып, биік тұғырға көтерілдім.

Ал, Даниял Ерланұлы әлем чемпионатынан төрт медальмен оралды. Оның жеңісінің артында білікті тәлімгерлері тұрғаны белгілі.

Даниял Ерланулы, джиу-джитсудан әлем чемпионы:

Мен қатысқан алғашқы әлем чемпионаты болды. Бірден 4 тұжырымдама бойынша 4 медальға иелік еттім. Үлкен нәтижемен оралғаныма қуаныштымын.

Спортшылардың бұл жетістікке жетуіне қоғам тарапынан да қолдаудың әсер еткені айқын. Жекпе-жек қауымдастығы мен «Бірлік» спорт клубы жерлестеріміздің сапарын қолдап қана қоймай, ұйымдастырып та келеді. Енді алда ел чемпионаты. Онда спортшылар ұлттық құрамаға орындарын сақтап қалу үшін күреседі.

Жанасыл Серікбол, Анастасия Ерш