Елімізде халық саны артып келеді. Күні кеше қазақстандықтардың қатары көбейіп, 20 млн-ға жетті. Осынау қуанышқа орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің өкілдері шаһар перзентханаларының біріне бас сұғып, жас аналарды құттықтап, кәделерін тарту етті.

Қазақстан халқының саны 20 млнға жетті. Ақжолтай жаңалықпен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Үлкен қуанышқа орай Қазақстан халқы Ассамблеяс Аналар кеңесінің өкілдері №1 перзентхана аналары мен сәбилеріне сый-сияпатпен қуантты. Аналар – қандай да сый құрметке лайық. Кеңес мүшелері жас аналардың иығына жан тазалығының, ана болудың, жалпы адамзат өмірі негізінің символы ретінде жақсылық пен ізгілікке ырымдай отырып, ақ орамал жапты.

Баян Тоқсанбаева, Павлодар ауданы аналар кеңесінің төрағасы:

Бүгін біз босанған әйелдерді құттықтап, олардың қуанышымен бөлісуді жөн көрдік. Сондықтан біз әр ананы құрметтейтінімізді, бағалайтынымызды, әрі оларға қамқорлық екенімізді жеткізуге ниеттендік

9 ай 10 күн толғатып бал бөбегін аман-есен бауырына басқан ана көңілі қуанышын жасырмады.

Диана Садықалиева, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен 23 жасымда екі рет ана атанғаныма қуаныштымын. Балалар арасындағы айырмашылық 2,5 жас. Ұл мен қызым бар. Бір – біріне қатты ұқсайды»

Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың төңірегінде 330 мың бала дүниеге келген. Жалпы ел бойынша балалар саны 6,6 миллионға жуықтады. Тек № 1 Павлодар қалалық перзентханада тәулігіне 15 сәби дүниеге келеді. Ал бір айда бұл жерде екі жүзден астам бала өмір есігін ашады.

Марина Кушнерчук, босанғаннан кейінгі бөлім меңгерушісі:

Біз елімізде 20 миллион тұрғынды дүниеге әкелуге қолқабыс болғанымызға қуаныштымыз. Барлық әйелге перзентханамыздан сәбилерін бауырларына аман-есеп басып шығуын тілейміз. Біз әр болашақ ана мен оның бүлдіршінің сүйіспеншілік және қамқорлықпен қарсы аламыз

Аналар кеңесі мұндай іс-шараларды тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.

Ақмаржан Қалымбек, Валентина Леонова