Білім беру саласы қоғамда әрқашан ерекше мәнге ие. Қазіргі уақытта мектептерге қойылатын талаптар да жоғары. Оқу процесінде заманауи технологиялар қолдану, зерттеу жұмыстарын жасау, түрлі тәсілдер қолдану – мектеп міндеті. Мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы да білім процесінде жаңа жетістіктерге жету құралы. Осы орайда, еліміздің Абай атындағы мектептері желілік қоғам құрып, өзара тәжірибе алмасады.
Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия – облыс орталығындағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Қазір мұнда 57 ұстаз еңбек етеді. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі жұмыс атқарылады. Соның біршамасы желілік Абай мектептерінің арасында жүргізіледі.
Салтанат Шабажанова, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия директоры:
Біз республиканың 11 мектебі енетін республикалық абай мектептерінің желісіне кіреміз. Павлодар облысында 10-нан аса Абай мектептері бар. Біз солардың басын қосып, Абай желілік мектептерін құрдық. Сол мектептерге жыл бойында әдістемелік қолдау көрсетіп, семинарларға, байқауларға, квест ойындарына да шақырып тұрамыз.
Білім ордасы балалар бойына төл тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сіңіріп келеді. Гимназия шәкіртері облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі шаралар мен байқауларға белсене қатысады.
Ләззат Мұсауарова, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Тереңдетілетін сыныптарда абай бағдарламасы бойынша жұмыс жасалып жатыр. Үйірме ретінде аптасына бір рет жүргізілетін абайтану оқытылып жатыр. Желілік абай мектептерінің шараларына мектебіміз атсалысып, үнемі белсенді қатысуда. Біздің әдебиетіміз бір ана тіліміздің қыр-сырын терең меңгертуде.
Мұндай тәжірибе ұстаздардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндік беріп, өзара тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Сондай-ақ балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Жұлдыз Қабылденова