Қалалық «Жасыл ел» еңбек жасағының 21 маусымының жабылу салтанаты өтті. Маусым бойы шаһар аумағында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жастар гүлзарлар мен саябақтарды күтіп, ағаш отырғызу, қоқыс жинау және қала көшелерін тазарту ісіне атсалысты. Бүгін маусымның жабылуында белсенді еріктілер марапатқа ие болды.

Қала бойынша биыл «Жасыл елдің» мыңға жуық сарбазы еңбек етті. Олар экологиялық, құрылыс, шығармашылық және волонтерлік бағыттарда жұмыс атқарды. Нәтижесінде жаз айларында 100-ден астам экологиялық шара ұйымдастырылып, екі мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Мұндай жұмыс жастардың қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастырады.

Русана Сулаймонова, «Jasyl el» Павлодар облыстық штабының директоры

Осы жұмыстан басқа әрине біз Таза Қазақстан акциясын белсенді қолдаймыз. Өйткені біздің балаларымыз осы барлық шараларға қатысып, өздері идеяларын, жобаларын іске асыруға мүмкіндік бар. Балаларды марапаттап, оларға мотивация ретінде болады. Әр маусым бойы бізге жаңа адамдар келеді. Олар әрине түрлі шараларға қатысып, белсенді жұмыс істейді. Әрқашан айтамын, жасыл ел өңірімізде, республикамызда ең керемет бастапқы алаң.

Маусым қорытындысы бойынша 14 белсенді ерікті арнайы номинациялармен марапатталды. Олардың қатарында «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік эковолонтер» және «Үздік еңбек жасағы» сынды атақтар бар. Әр марапат иегері маусым бойы қоғам мен табиғат игілігі үшін белсенді еңбек етіп, өзгелерге үлгі көрсетті.

Нұрхан Ералы, «Үздік командир» номинациясының иегері

Қоқыс жинағанда, табиғатқа өзіңнің көмегіңді тигізіп жатқан да шынымен де табиғатқа қандай пайдаң тиетінің, адамдардың қандай зиян келтіретін өз көзіңмен көріп, олармен жұмыс жасаған кезде болашақта оларды экологиялық мәдениетке шақыратын боласын. Есім білгеннен бастап өзім ағаш егу болсын, қоқыс тазалау болсын жұмыс жасаймын. Жалпы, универ қабырғасын айтатын болсам, штабта жұмыс істегеніме 5 жылдан асты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық, облыстық акцияларға белсенді қатысамыз. Өзіміздің универде экологиялық акцияларға қатысатын студенттеріміз бар. Барлық шараларда бізің бастамаларымызбен көп жұмыс атқарылады.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Түрлі викториналар мен көңілді ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Сабина Жолдаспаева