Әлеуметтік азық-түлік бағасын жөнсіз көтерген бес кәсіпкер әкімшілік жазаға ілікті. Сондай-ақ білім беру басқармасына қарасты мекемелердің бірі де мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны өрескел көтерген. Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұзушылықтың алдын алыпты.
2022 жылы Павлодар облысында әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылайтын комиссия құрылған. Құрамында жергілікті атқарушы мекемелердің, орталық мемлекеттік мекемелердің аумақтық бөлімшелердің басшысы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылары бар. Комиссия азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін делдалдық схемалармен күресуді де мақсат етті.
Ол кәсіпкерлер қырыққабат, картоп, пиаз, сәбіз, ұн мен бірінші сортты жұмыртқа бағасын жөнсіз көтерген. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып та үлгеріпті. Осы орайда департамент өкілі қазір бұндай жағдайда ескерту берілмейтіндігін де айтты. Бірден әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу кезінде де бағаның жөнсіз шарықтауы тіркеліпті. Білім беру басқарасына қарасты мекемелердің бірі мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны 30 дан 238 пайызға дейін көтерген. Департамент жағдайды дер кезінде анықтап, бұзушылықтың алдын алған. Осылайша бюджеттің 10 млн теңгесі үнемделген. Осындай жүгенсіздік болмас үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деді спикер.
Жиын барысында облыста әлеуметтік азық-түліктің тапшылығы жоқ екендігі айтылды. Сондықтан, кәсіпкерлер бағаны жасанды түрде көтеруге жол бермеу керек деді спикер.
Жанасыл Серікбол