Павлодар облысында тұмау вирусының таралуы артып келеді. Аймақта 80 мың адамға вакцина салынуы жоспарланған. Қазіргі таңда оның 79 мың 600-іне екпе егілді. Екпе егу 1 желтоқсанға дейін аяқталады.
Ересектер мен балаларға арналған вакцина бірдей, айырмашылығы тек дозасында. Екпе Ресейдің «Петровакс» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» препараты.6 айдан 35 айға дейінгі балаларға – 0,25 мл,3 жастан жоғары және ересектерге – 0,5 мл көлемінде егіледі.
Замзагүл Дощанова, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Эпидемиологиялық жағдай аймақта маусымдық деңгейде тіркеліп отыр. 2024–2025 жылдары облыс бойынша 26 мың 405 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Өткен жылы 32 мың 900 жағдай тіркелген болатын.
Биылғы эпидемиологиялық маусымда ауру жұқтырғандардың 62 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 60 жүкті әйел мен 521 бір жасқа дейінгі сәби тіркелген. Барлығы 454 бала ауруханаға жатқызылған, олардың ішінде 2 жүкті әйел мен 103 нәресте бар.
Замзагүл Дощанова, Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Тұмаудан қорғанудың жалғыз әрі тиімді жолы – вакцинация. Аймақта жергілікті бюджет есебінен 80 мың доза вакцина сатып алынды. Бүгінгі күні 79 мың 600 адам екпе алды.
Сонымен қатар, 2100 адам өз жұмыс берушілерінің есебінен вакцина салдырған.Мамандар тұрғындарды тұмауға қарсы екпені уақытылы алуға шақырады. Себебі вакцинация – вирустық инфекциялардан қорғанудың ең сенімді тәсілі.
Дильназ Қуанышбекқызы