Павлодарда прокуратура органдарының ардагері, тыл еңбеккері Дмитрий Фалеевтің құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Тақта генерал Дүйсенов көшесі 56 үйдің қабырғасына ілінді. Салтанатты шараға Дмитрий Фалеевтің жақындары, қоғам өкілдері, әріптестері қатысты. Толығырақ – келесі сюжетте.

Ардагер өз өмірін Заңға қызмет етуге арнап, прокурор мамандығын таңдаған. Еңбек жолында көптеген табыстарға жетіп, 3-классты мемлекеттік әділет кеңесшісі болған. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына жиналғандарДмитрий Фалеев туралы естеліктер айтып, оның адамгершілігі туралы тебірене сөз сөйледі.

Дмитрий Фалеев шамамен 40 жыл прокуратура органдарында қызмет еткен. Оның ішінде 20 жылдан астам уақыт басшылық лауазымдарда болды. Әріптестері оның жұмысына адал әрі әділ тұлға болғанын айтады.

Гүлнәр Қарабаева, «Павлодар облысы прокуратурасының ардагерлері» ҚБ төрағасы

   Дмитрий Никифорович ұзақ уақыт, 6 жылдан аса Павлодар облысының прокуратурасын басқарды. ҚР прокуратурасы жүйесінің дамуына зор үлесін қосты. Ол керемет басшы болды. Өз ісінің шебері, мейірімді әрі әділ болатын. Сондай-ақ қарапайым адам болды. Өз тәжірибесімен бөлісіп, көптеген прокурорды тәрбиеледі.

Прокуратура органдарында еселі еңбек атқарған ардагерге мемориалдық тақта орналытуы өскелең ұрпаққа да өнеге болары сөзсіз. Себебі Дмитрий Фалеев қызметке адалдығы мен адамгершілігі арқылы көпке өнеге бола білген еді.

Шара соңында жиналған қауым ардагерге құрмет ретінде ескерткіш тақта жанына гүл шоқтарын қойды. Бар ғұмырын прокуратура саласына арнаған ардагердің еңбегі ел есінде қалары анық.

Жұлдыз Қабылденова