Павлодарда оқушыларға арналған Beginit by inDrive жобасы бастау алды. Бағдарлама мектеп оқушыларының әлеуметтік көшбасшылық қабілеттін дамытып, инновациялық университетте оқу мүмкіндігіне ие болады. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

Beginit by inDrive әлеуметтік көшбасшылық және жобалық қызмет бойынша курстың іріктеу кезеңі басталды. Жоба Astana Hub және Terricon Valley қолдауымен жүзеге асырылады. Басты мақсаты – оқушыларға өз әлеуетін көрсетіп, көшбасшылық дағдыларын дамыту.

Ерсайын Қабдрашев, «BEGINIT BY INDRIVE» жобасының маманы:

Бұл – әлеуметтік көшбасшыларды дайындайтын дағдыларды үйретеміз, бұл – әлеуметтік жоба, коммерциялық емес, тегін, Астанаға да, Алматыға да өзіміз әкелеміз. Қазір де өзіміз келіп жатырмыз Павлодарға.

Бірегей жобаға 10-сынып оқушылары қатысады. Басымдық ауыл мектептерінің шәкірттеріне берілген. Жоба аймақтық іріктеу кезеңі, білім беру модулі, жастар лагері және жобалық модуль бойынша өтеді.

Іріктеуге еліміз бойынша 600 бала өтініш берсе, екінші кезеңге 300-і өтеді. Үшінші кезеңге 60 оқушы қатысады. Ақтық сынға өткен 36 оқушы жоба жасап, үздік 20 жоба иесі грант ұтып алады.

Ерсайын Қабдрашев, «BEGINIT BY INDRIVE» жобасының маманы:

Осы балалар біздің жобаға келген, Астана хабтың комьюнитисіне кірді. Оларға ай сайын іс-шаралар ұйымдастырамыз өңірлерде комьюнити жасаймыз, жиырма оқушы деп аталады, бұл университет туралы басталайын деп жатыр

Жоба Павлодар ІТ hub-пен бірлестікте ұйымдастырылды. Бұл қауымдастық жастармен жұмыс жасап, таланттарын ашуға көмектеседі. Оларға стартаптың не екенін және қандай әлеуеті бар екенін түсіндіріп, қолдау көрсетеді.

Нұрсипат Төлеубай, «ASTANA HUB» Павлодар облысындағы өңірлік менеджері:

  Бұл шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Барлығы 6 облыста өтеді, олардың қатарында Павлодар бар. Жеңімпаздар университетке грант ұтып алатынын айта кеткім келеді. Жалпы жоба әлеуметтік мәселелерге бағытталған. Мысалы, әр ауылдың өз мәселелері бар. Оқушы өз ауылындағы проблема қандай екенін және оны қалай шешуге болатыны туралы жоба ұсынады.

Beginit – университет өміріне баспалдақ. Басты миссиялары – Қазақстанның ауылдық аймақтарындағы студенттерге көшбасшы болуға көмектесу. Ұйымдастырушылар, осылайша қоғамдағы оң өзгерістерге бастау болатынына сенімді.

Жұлдыз Қабылденова