Май ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан бойынша 36 мың гектардан астам жерге егін егу жоспарланып, шаруашылықтар қажетті техника және жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуде.

Май ауданында 16 егін шаруашылығы жұмыс істейді. Олардың иелігінде 48 техника және 62 бірлік ауыл шаруашылығы жабдығы бар. Биыл жалпы егіс көлемі 36 925 гектарды құрайды деп жоспарлануда.

Асхат Айдарғазин, Май ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы

 «Үш ШҚ суармалы егіншілікпен айналысады. Суармалы егіннің жалпы көлемі – 2461 га. Оның ішінде картоп – 595 га. Майлы дақылдар 300 га, дәнді дақылдар 8461 га.»

Шаруашылықтарды қолдау үшін көктемгі дала жұмыстарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 366 тонна арзандатылған жанар-жағар май қарастырылды.

Асхат Айдарғазин, Май ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы

«366 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Оның ішінде 320 тоннаға өтінім берілді. Бүгінгі күні 145 тоннасы ақшасы төленіп, керекті жерлеріне жеткізілген болатын.»

Бұған қоса, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін екі ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші «Кең дала» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 567 млн теңге көлемінде несие алды. Ал қалған шаруа қожалықтары жұмыстарды өз қаражаты есебінен атқарады.

Жұлдыз Қабылденова