Павлодарда мектеп оқушылары арасында дәстүрлі садақ атудан ашық облыстық чемпионат өтті. Ұлттық спортты дәріптеген жарыс шаһардағы №48 мектеп қабырғасында ұйымдастырылды. Ауқымды шара «Жебе» садақ ату орталығының ресми ашылуымен тұспа-тұс келді. Турнирге 60-қа жуық оқушы қатысты.

Арнайы шақырылған қонақтар садақ тартып, нысанаға жебе ату арқылы жаңа орталықтың жұмысын бастады. Жас спортшылар мергендік, дәлдік және шеберлік бойынша бақ сынады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатта сынға түсті.

Дәурен Жүнісхан, Павлодар қаласының №48 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, садақ атудан жаттықтырушы

Олардың ішінде 10-11 жастағы ұлдар «Қалқан нысанасы» бойынша сынға түседі. Одан кейін 12-13 жастағы «Жамбы нысанасы» бойынша ұлдар және қыздар жекелей. 14-15 жастағы балалар арасында да жекелей болады. Бастапқыда балалар келген кезде, кәдімгі орындар алып кететін. Қазір ондай жоқ. Дайындықсыз мүлдем болмайды. Әр баланың дене бітіміне, бойының ұзындығына, қолдың тарту күшіне байланысты садақтың өзі арнайы таңдалалады. Садақ ату басында бізде үйірме болып келді. Ал қазір орталық ретінде таныстырамыз. Садақ ату орталығымыз бұл.

Өңірімізде садақ ату спортына қызығушылық артып келеді. Жарысқа қатысқан оқушылардың басым бөлігі бұл спорт түрімен бірнеше жылдан бері айналысады. Олар үшін садақ ату тек жарыс емес, ептілік пен мінезді қалыптастыратын ерекше өнер.

Майра Жекебей, Павлодар қаласының №48 ЖОББ мектебінің 8-сынып оқушысы

Мен осындай садақ ату жарысына өткен жылы қатысқан едім. Оған дейін де қызығушылықтарым болды. Осы мектепке көшіп келгеннен кейін, осы жерде садақ ату үйірмесі бар дегенді естіген соң, қызығып келдім. Садақ атудың ұнау себебі, бұл жерде шынымен де қызық, нысаналар әртүрлі. Өзімді сынап, басқалармен жарысқан ұнайды. Пайдасы көп.

Болат Сырымбек, Аққулы ауданы Ямышев ЖОББ мектебінің 6-сынып оқушысы

Мен негізі садақты 2-3 жыл атып жүрмін. Садақ ату кезінде дұрыс демалып үйрену керек және екі қолың мықты болу керек. Негізі менің отбасымның барлық мүшелері садақ атады. Содан кейін мен де қызығып кеттім.

Мергендік пен дәлдікті талап ететін ұлттық спорт түрі жасөспірімдер арасында кеңінен дамып келеді. Мұндай жарыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Сабина Жолдаспаева