12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Науқасқа тәулік бойы күтім жасап, дәрігер мен емделуші арасындағы сенімді байланысты қалыптастыратын мейірбикелер еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп келе жатқан мамандардың бірі Рысжамал Ильязова. Ол бүгінде бөлімшенің күнделікті жұмысын үйлестіріп, жас мамандарға бағыт-бағдар береді.

Рысжамал Ильязова еңбек жолын Павлодар қалалық №1 ауруханасында палата мейірбикесі болып бастаған. Ол медицина саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Қазір урология бөлімшесінің аға медбикесі. Бөлімшеде 28 қызметкер еңбек етеді. Тәжірибелі маман кәсіби тәртіптің сақталуына ерекше мән береді.

Рысжамал Ильязова, №1 Павлодар қалалық аурухананың урология бөлімшесінің аға медбикесі

Қазіргі кезде күнделікті менің жұмысымда медбикелердің тәртібі мен жұмысын дұрыс ұйымдасытыру және кәсіби қарым-қатынасқа үлкен мән беремін. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Медицина саласында әрдайым дамып, жаңа білім алып, тәжірибе жинауға тырысамын. Мен бала кезінен медицина саласына қызықтым. Дәрігерлердің жұмыстары ұнады. Науқастарға көмек көрсету ұнайды.

Медбикенің бақылауында 12 мейірбике мен 12 кіші медицина қызметкері жұмыс атқарады. Бөлімшенің күнделікті жұмысын жүйелі ұйымдастыру, науқастарға сапалы күтім жасау және медициналық талаптардың орындалуын бақылау – оның негізгі міндеттерінің бірі. Ұжым арасында сыйластық пен жауапкершілік қалыптастыру да тәжірибелі маманның басты қағидаларының қатарында.

Рысжамал Ильязова, №1 Павлодар қалалық аурухананың урология бөлімшесінің аға медбикесі

Медбикелер көбінесе науқастарды дұрыс қарау, олардың отадан кейін қарап, жағдайын жасап, көмек көрсету өте маңызды. Медбикелердің жұмысы дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарға көмек көрсету. Система, екпе егу секілді. Отадан кейін күту, тамақтандыру барысы. Көңілдерін де таба білу керек. Солай көмек көрсетеміз.

Мейірбике мамандығы – тек медициналық көмек көрсету ғана емес, адамға жан жылуын сыйлай білу. Кез келген науқас үшін жылы сөз бен қамқорлықтың маңызы зор. Сондықтан бұл сала мамандары әрдайым сабырлылық пен мейірімділікті қатар алып жүреді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Сабина Жолдаспаева