Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында май зауты ашылды. Бұл жобаға инвестор 700 млн теңге көлемінде қаржы салған. Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов арнайы қатысты.
Кәсіпорын құрылысы былтыр басталған еді. Әдетте Павлодар облысы индустриалды өңір саналады. Алайда, ауыл шаруашығы саласындағы әлеуеті де жоғары. Жұмысын бастап жатқан бұл кәсіпорын осының айғағы. Аймақ басшысы азық-түлік қауіпсіздігі қай уақыт боласын басты орында екендігін айтып, қайта өңдеу саласында мемлекеттік қолдаудың да мол екендігін жеткізді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Биыл облыста шамамен 500 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі, ал күтілетін өнім көлемі 600–700 мың тоннаны құрайды. Осы уақытқа дейін өңірде 50 мың тоннадан астам шикізатты өңдей алатын ірі май зауыттары болған жоқ. Қолданыстағы цехтардың қуаты шамамен бес мың тоннаны ғана құрайды. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін осындай жобаларды Қалқаман кенті мен Шарбақты ауданында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қуаттылығы жылына бір миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы бір ірі жоба картопты терең өңдеуге байланысты. Осы мақсатта мен Қытайға барып, 800 мың тонна картоп сақтай алатын және тәулігіне 300 тоннаға дейін мұздатылған фри картобын өндіретін ірі холдингтің жұмысымен таныстым. Павлодар облысында жылына 200 мың тоннаға дейін картоп өңдейтін өндіріс жобасы қарастырылуда.
Жалпы, Павлодар ауданында биыл 96 мың гектардан астам аумаққа дән себілмек. Оның 40 мың геңктардан астамына күнбағыс егіледі. Суармалы алқаптың көлемі 18 мың гектардан астқан.
Дидар Ибраев, Павлодар ауданының әкімі
Күнбағыс алқабы 3,5 пайызға ұлғайып, астық алқабы 4.2 пайызға азайды. Көкеністер алқабында өзгеріс жоқ. Негізінен картоп егіледі. Ауданда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмысынга көп күш салдық. Соңғы екі жылда 8 мың гектар жер қайтарылды. Оның бес мың гектардан астамы қайтадан айналымға берілді.
Сонымен қатар, ауданның инвестициялық жобалары жайлы да баяндалды.
Бұдан бөлек, туризм және жол бойындағы сервисті дамыту бойынша да бірқатар инвестициялық жобалар бар. Соның бірі «Чернонярская жемчужина» демалыс орнын дамыту жобасы. Өткен жылы екі бассейн , спорт және балалар алаңдары салынып, қауіпсіздік мақсатында 45 камера орнатылған.
Болат Смағұлов, «Чернонярская жемчужина» ЖШС құрылтайшысы
Алдағы уақытқа да жоспарымыз көп. Зоопарк, анфитеатр, этноауыл құрып, әр түрлі спорт алаңдарын саламыз. Қыс уақытындағы демалыс үшін де қызықты жобалар жасалып жатыр. Мәселен, сырғанақ алаңдары мен аяз атаның қысқы резиденциясы болады.
Инвестор осы уақытқа дейін бұл демалыс орнынан 230 млн теңге қаржы салған.