Павлодар қаласының көшелеріне гүл егу жұмыстары 3 мамырдан басталып, қарқынды түрде жалғасуда. Қаланы көгалдандыру аясында саябақтарда және көше бойларында біржылдық гүлдер егіліп жатыр. Көрікті гүлзарлар шаһардың сәнін арттырып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Биыл Павлодарда біржылдық гүлдерді отырғызу көлемі 30 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, көпжылдық гүл көшеттері де егілуде. Олардың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрге жетеді.
Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы
Көгалдандыру жұмыстары барысында тагетис, цинния, сальвия, петуния, антирринум, портулак, нарғызгүл секілді сәндік гүлдер пайдаланылуда. Сонымен қатар, раушан, спирея, хоста, шалфей, флокс секілді көпжылдық және сәндік-жапырақты өсімдіктер отырғызылып жатыр. Бұдан бөлек, топырақтың құнарын арттыру үшін сидералды дақылдар да қолданылады.
Түрлі-түсті гүлзарлар шаһарға көрік береді. Гүлдер экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсер етеді. Қала тұрғындары көгалдандыру жұмыстарына оң бағасын беріп, көшелер мен демалыс орындарының әсем бола түскенін айтты.
Гүл отырғызу жұмыстары 10 маусымға дейін жалғасады. Мамандар тұқым мен көшеттерді отырғызар алдында топырақты арнайы тыңайтқыштармен өңдейді. Ал гүлдерді күтіп-баптау жұмыстары ауа райына байланысты жүргізіледі.
Сабина Жолдаспаева