Павлодарда республикалық «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» бастамасы аясында экологиялық акция өтті. Бұл жолы қорғаныс істері департаментінің өкілдері, қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ, орман шаруашылығы қызметкерлері өңірді көгалдандыру жолында бас қосты. Осылайша жиналғандар елді қорғау тек қару асыну емес екендігін көрсете білді.
Бүгін жиналғандар үшін бұл тек кезекті экологиялық шара ғана емес, қоршаған ортаны сақтаудағы жеке жауапкершілікті еске салатын бастама. Еріктілер ерлік жолындағы жандармен бірлесіп, осынау бастамада бас қосты.
Қай уақыт болмасын ел үшін жасалып жатқан істердің қасынан табылатын қарулы күштер саласының ардагерлері де акцияға қатысты. Олар да табиғатқа қамқорлық жасау – Отанға қызмет ету секілді ел алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті. Ардагерлер мұндай акциялар айналаны абаттандырып қана қоймай, адамдардың ел мен жерге деген құрмет сезімін оятып, жастарды еңбек пен адалдық құндылықтарының төңірегіне біріктіретіндігін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасып, таза әрі жасыл ел идеясын қолдайтын тұрғындардың қатарын арттыра бермек.