Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Құсайынқызының «Тұлғалар – жауһар жандар» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысып, автордың жаңа туындысына қатысты жылы лебіздерін білдірді.
«Тұлғалар – жауһар жандар» – автордың оқырманға жол тартқан үшінші еңбегі. Бұған дейін жарық көрген қос кітап көпшілік ықыласына бөленіп, оқырман жүрегінен орын алған болатын. Жаңа жинақта елге танымал тұлғалардың тағдыры, еңбегі мен адамдық болмысы кеңінен суреттелген.
Салтанат Жанғазинова, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың өлкетану және әдебиеттер бөлімінің қызметкері
Бұл кітаптың 3 кітап болып саналады. тұлғалар асыл жандар, тұлғалар ғажап жандар атты бірінші екінші бөлімі бар.осы аітаптардың жалғасы 3ші томы болып саналады. Кітапта белгілі тұлғалар, ақын журналистер туралы жазылған.
Кітапта өңірімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы, кәсіби еңбегі және ел дамуына қосқан үлесі қамтылған. Автор әр тұлғаның тағдырын тағылымды әңгімелер арқылы өрнектеп, оқырманға рухани ой салуды мақсат еткен.
Әлнұр Сейдуманов, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы
Ғалия Құсайынқызының бұл еңбегі жай ғана кітап емес, бұл елге еңбегі сіңген азаматтардың өнердегі өмір жолын, адамдық болмысын қоғамға қосқан өлшеусіз үлесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін құнды рухани мұра деп білеміз. Әрбір тұлға туралы жазылған тағылымды деректер оқырманға ой салып, жүрекке жылу ұялатады.
Кеш соңында зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар авторға ізгі тілектерін білдіріп, жаңа кітаптың рухани құндылығына жоғары баға берді.
Дильназ Қуанышбекқызы