Павлодарда «Майдан жолы» іздеу жасағының ұйымдастыруымен арнайы конференция өтті. Онда Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Тағылымды шараға ардагерлер, студенттер, әскери-патриоттық ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

«Майдан жолы» іздеу жасағы Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткен сарбаздардың есімдерін ел жадында жаңғыртуға бағыттайтын патриоттық ұйым. Жасақ мүшелері майдан далаларында жүргізілетін іздестіру экспедицияларына қатысады. Ұйым жастар арасында тарихи сананы қалыптастырып, отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Әсем Хамитова, Павлодар қаласы инеу жоғары колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жасақ мүшелері Қазақстанның және шетелдегі шайқас орындарында экспедицияға қатысып, жауынгерлердің сүйегін тауып, тарихи деректерді зерттейді. Сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беріп, батырлардың ерлегін насихаттайды.

Конференция барысында ардагерлер мен жасақ мүшелері биылғы жылға жоспарланған жұмыстармен бөлісті. Алдағы уақытта іздестіру экспедицияларын ұйымдастырып, оған студент жастарды, еріктілер мен ұстаздарды тарту көзделіп отыр. Александр Шитов, «Майдан жолы» іздеу жасағының басшысы

Бүгін біздің бастамамызға Павлодар өңірінің қоғам белсенділері қолдау білдірді. Олардың қатарында еріктілер, студенттер, «Жас сарбаз» қозғалысының курсанттары, әскери-техникалық мектеп өкілдері, іздестірушілер мен ардагерлер бар. Біз алдағы ауқымды жұмыстар жүргізу үшін экспедицияларға шығамыз. Сондықтан қоғамның қолдауы біз үшін өте маңызды.

Қатысушылар іздестіру жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталып, батырлардың ерлігін ұмытпау кейінгі ұрпақтың басты міндеті екенін айтты. Мұндай кездесулер жас буынның отансүйгіштік рухын нығайтып, өткенге тағзым жасау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сабина Жолдаспаева