Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына да барды. Онда көктемгі егін жұмыстарының барысын көріп, шаруалармен кездесті. Техниканың дайындығын тексерді. Сондай-ақ, ветеринарлық пункт пен мал қорымының құрылысымен танысты.
Алдымен аймақ басшысына көктемгі дала жұмыстарының барысы таныстырылды. Шарбақты ауданы әкімі биыл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда артқанын айтты.
Ауданда ылғалды жабу 97 пайызды құрап отыр. Егін алқаптарын алдын ала өңдеу 37 пайызға жетті. Биыл дәнді дақылдар 2876 гектарға, майлы дақылдар 3402 гектарға егілді. Ал, 2940 тонна жанар жағармай бөлініпті, оның 52 пайызының қаражаты төленіпті. Техника жаңарту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қаржыландыру бағдарламалары арқылы да шаруаларға қолдау көрсетілуде. Ауданда «Кең дала» аясында 7 өтінім қарастырылды.
Сонымен қатар облыс әкімі жер мәселесіне де тоқталды. Бүгінде пайдаланылмай жатқан жерлердің саны азайған. Шарбақты ауданы әкімінің сөзінше, қазір шағын шаруашылықтар ірі шаруашылықтардан жер сатып алып, өз жұмыстарын кеңейтіп жатыр. Бұдан бөлек, Шарбақты ауданында шаруалар заманауи агронехнологияларды енгізіп келеді.
Никита Сорокин, «Никром» ЖШС өкілі
Егіс алқабы 6500 гектарды құрап отыр. Астық, жасымық, күнбағыс, зығыр, соя егілді. Тыңайтқыштар алынды. Бұл алқапқа біз гибрид ф1 қосылған күнбағыс егеміз. Амаффоспен де тыңайттық.
Шаруашылықта топырақты талдауға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл көктемде әртүрлі тереңдіктен топырақ үлгілері алынып, зертханаға жіберілген. Шаруашылық басшысы техниканың жаңартылуы, жалақы сұрағын да айтып өтті.
Келесі кезекте аймақ басшысы Шарбақты ауданындағы жолдардың сапасымен де танысты.
Аудан әкімі жол жөндеу жұмыстары бірінші жартыжылдықта аяқтайталатынын жеткізді. Келесі жылы Красиловка, Малиновка ауылдарында көшелер, Шегерен ауылының кіреберіс жолы жөнделмек. Бұдан бөлек, аймақ басшысы сөз арасында Маралды көлінің аумағын абаттандыру керектігін айтты.
Сонымен қатар, Шарбақты ауданында ветеринарлық пункт салынып жатыр. Жоба бір қабатты, жалпы ауданы кемінде 50 шаршы метр болатын кірпіш ғимарат ретінде салынуда. Мұнда су, кәріз, электр және жылу жүйелері толық қарастырылған. 27 сәуірде басталған құрылыс жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, әкімге Шарбақтыда салынып жатқан үй жануарларын утилизациялайтын биотермиялық шұңқырдың салыну барысы да көрсетілді. Облыс басшысы бұл ретте қауіпсіздік өзекті екенін тағы бір мәрте еске салды.
Самал Қалиқызы