Сондай-ақ, облыс әкімі жұмысы сапары барысында Ақсу қаласына барып қайтты. Онда жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Жөнделіп жатқан жолдар мен аулалардың жағдайын да өз көзімен көрді. Толығырақ Самал Қалиқызы сюжетінде.
Алдымен, облыс әкімі «Қазхром» Трансұлттық компаниясының филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауытына барып, жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Биыл кәсіпорында бірқатар маңызды жобалар қолға алынбақ, 5 қазандықты жөндеу жоспарланып отыр. Бұл шаһардағы жылыту маусымын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді.
Дүйсен Мерғалиев, «ЭЕК» АҚ бас директоры
Қазіргі таңда бізде 5 қазандықты жөндеу жоспарланып отыр. Біреуі орташа жөндеу, 4-еуі ағымдағы жөндеу жұмыстары. Гидравликалық сынақтар жүргізілді. Қазір тек ыстық суға жұмыс істеп тұрмыз. Жылыту маусымында бір рет қана өшіру болды. 7200 тонна көмір қазір қорда бар. 4-ші конвейерде өте ауқымды жұмыстар жүреді.
Аймақ басшысы жобаларды тамыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Себебі жаңа жылыту маусымына уақытылы, ешқандай кедергісіз кіру керек деді.
Еуроазиаттық энергетикалық корпорация басшысы тағы екі жобаның жүзеге асуына қаражат керектігін айтты.
Ал, қолданысқа әні-міне беріледі деген жаңа жылыту қазандығының жыры осымен бітпейтін көрінеді. Әкім қате, бастапқыда жоба жасау барысында кетті деп отыр. Ал оны түзетуге біраз уақыт пен қаражат керегі анық.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жобада бастапқыда 4 нәрсе дұрыс болмады. Бұл жаңа қазандықта резервтегі электр қуаты жоқ. Екіншісі онда техникалық су мүлдем жоқ, қала қолданатын кәдімгі су бар, бірақ оны химиялық өңдеуден өткізу керек. Химиялық дайындық цехы жоқ. 2017-2018 жылдары кеткен жобадағы қателіктер.
Келесі кезекте облыс әкіміне жылу желілерін өткізу жұмыстары көрсетілді. Жылу магистарльдары мен кварталішілік желілерін жаңарту шаралары таныстырылды.
Вадим Ковальчук, «Теплосервис-Ақсу» МКК директоры
Қала бойынша 26-28 күндері гидравликалық сынақтар жүргіздік. 3 кезеңде жүргіздік. Алдымен, магистарльдік желілерді сынадық. Кейін магистарльдарды, кварталдармен тексердік. 6 ақау магистарльда анықталды. Ленин, Вокзальная көшелерінде ақау тіркелді. Құбырлар 2014 жылы өткізілген.
Бұл ретте аймақ басшысының жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмай, қысқа дайындықты ерте бастау керектігін қадап айтты.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі жолдарды жөндеу жұмыстарымен де танысты. Ақсуда биыл Әуезов, Строитель көшелерінде 3,12 шақырым жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі. Ал, Ақсу шағын ауданында Пушкин, Чкалов, Бауыржан Момышұлы көшелерінде орта жөндеу жұмыстары қолға алынады.
Бұл аумақта жұмыс жасайтын мердігер ұйымның Солтүстік Қазақстанда тіркелгені анықталды. Сондықтан Асайын Қуандықұлы компанияның біздің өңірге тіркелгенін талап етті. Себебі Павлодар облысында жұмыс істеп жатқан ұйымның салығы да осы өңірде қалу керек деді.
Сонымен, Ақсу қаласында биыл көптеген жобалар қолға алынды. Соңғы жылдары қаланың жағдайы көңіл көншітпейтінін әкім мойындады. Осыған дейін Павлодар, Екібастұз қалаларын қалыпқа келтіру басты назарда болса, осы жылы энергетиктер шаһарына 11 млрд теңге бөлініп, шаһардың келбетін келтіруге көңіл бөлінеді.
Ақсуға жұмыс сапары аясында облыс әкімі тұрғындармен кездесті.
Самал Қалиқызы