Павлодарда Қазақ аналары дәстүрге жол бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлттық мәдениет фестивалі өтті. Тағылымды шарада қазақы болмыс пен ұлттық құндылықтар ұлықталып, көпшілік назарына ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер туындылары ұсынылды.

Ұлттық мәдениетті дәріптеген фестивальде ана мен қыз тәрбиесіне, салт-дәстүрді жаңғыртуға үлес қосып жүрген қыз-келіншектер алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар шараға қатысқан 21 қолөнер шебері өздерінің бірегей туындыларын жұртшылыққа таныстырды. Кестелі камзол мен зерлі шапан, оюлы әшекейлер мен ұлттық нақыштағы бұйымдар көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды.

Айжан Әбсаттарова, «Қазақ аналары дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар филиалының төрайымы

Биылғы жылы біздің аналардың 4 жылда керемет жұмыс атқарып жатқанын көріп аналар күніне орай орайластырып. Шабыт жобасы аясында ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында осы ертіс музейі ұжымымен келісімге келіп шараны өткізуге шештік.

Фестивальде қолөнер мен ұлттық сән үндестік тапты. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербеткен шебер қыз-келіншектер қолдан тігілген құрақ көрпелерді, ұлттық әшекейлерді, ою-өрнекпен көмкерілген тұрмыстық бұйымдар мен ойыншықтарды көпшілікке ұсынды. Қаз-қатар тізілген ұлттық киімдер көрмесі келушілерді қазақы сәннің терең тарихымен таныстырды.

Гаухар Коксынова, қолөнер шебері

Жалпы киім тігу қазақи ұлттық нақыштағы киімді тігу мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір детальінде тарих бар. Ұазір өзіммен бірге 15 қыз алып келдім. Оның ішінде жауынгер қыздар бар, этно стиль де бар. Соны халыққа көрсету мақатында келдім.

Ұлттық өнер мен аналар өнегесін тоғыстырған фестиваль көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың қазақы мәдениетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Дильназ Қуанышбекқызы