Павлодар қалалық соты биылғы 10 айда атқарылған жұмысын баяндады. Сот төрағасының айтуынша, бүгінде тараптарды татуластыруға көп көңіл бөлінеді. Кейбір әкімшілік істерде биыл айтарлықтай азаю байқалады. Толығырақ алдағы сюжетте.
Елімізде алимент төлемеген борышкерлердің 7 млрд теңге қарызы бар екені. Жыл сайын қалалық сот бұл бағытта жүздеген іс қарайды. Сот төрағасының мәліметінше, биыл алименттік міндеттемелер бойынша арыздар біршама азайған. Мәселен өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1 184 түссе, биылғы 10 айда 922 арыз түскен.
Еркін Қожабергенов, Павлодар қалалық сотының төрағасы:
Бұл «Неке және отбасы туралы» кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда сот некені бұзу туралы талаптарды қарау кезінде, кодекстің 22-бабын ескере отырып, алимент өндіріп алу туралы мәселені шешеді. Бұл алимент өндіріп алу туралы өтініштер мен талаптардың төмендеуіне әкелді»
Елімізде 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң күшіне енді. Осыған байланысты азаматтардан өздерін банкрот деп таныту бойынша 49 арыз түскен.
Еркін Қожабергенов, Павлодар қалалық сотының төрағасы:
Олардың 38-і банкрот деп тану туралы, ал 11 арыз төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша келіп түсті. Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін 38 арыз қайтарылды. Ал бір арыз мемлекеттік баж төлемі болмауына байланысты қайтарылды. Сот банкроттық рәсімін қолдану туралы 3 арызды қанағаттандырмады. Себебі сот борышкердің сотта төлем қабілетсіздігі анықталмады деген қорытындыға келді. Бұл ретте, 2 шешімге қатысты апелляциялық тәртіппен шағым жасалды.
Өткен жылы тамыз айында қолданысқа енген аумақтан тыс соттылық нормасына байланысты тараптар тұрғылықты жеріне қарамастан, іс үшін аумақтан тыс соттылықты таңдау мүмкіндіге ие. Осы орайда қалалық сот 7 азаматтық істі қараған.
Еркін Қожабергенов, Павлодар қалалық сотының төрағасы:
Аумақтан тыс соттылық бойынша қалалық сотының өндірісіне 7 азаматтық іс келіп түсті. Оның 6-уы қаралды, ал біреуі бүгінде сот өндірісінде. Аяқталған істер санының ұлғаюы талап қою өндірісі және ерекше іс жүргізу тәртібімен аяқталған істер санының ұлғаюымен белгіленеді. Мәселен, талап қою ісін жүргізу тәртібімен өткен жылдың 10 айында 3 184 аяқталса, биыл 4 404 іс аяқталған. Яғни 1 220 іске ұлғаю байқалады
Тараптардың татуласу мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Мәселен медиабельді дауларға қатысты іс түскен кезде татуластыру рәсімдері өткізіледі. Әуелі тараптардың істі бейбіт түрде аяқтауға деген ынтасы анықталып, кейін дауды шешудің ең ықтимал нұсқалары талқыланады.
Сондай-ақ «сот кабинет» сервисін жақсарту мақсатында тұрақты шаралар жүргізіледі. Мәселен, 2023 жылғы 21 қыркүйекте Сот әкімшілігі «Сот кабинеті» сервисінде «азаматтық және әкімшілік істер бойынша танысу» атты жаңа функционалын іске қосқан. Бұл арқылы сот процесіне қатысушыларға іс материалдарымен танысу мүмкіндігі беріледі.
Ақмаржан Қалымбек