Отанды қорғау – ұлы міндет. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатары сарбаздарға тағы да толыға түсті. Сап түзеп, міндетін өтеушілердің арасында әріптесіміз, «Ертіс» арнасының телеоператоры Айбек Ғазиз бар. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болып, қорғау деген сөз. Отан алдындағы борышын адал орындауға серт бергендердің қатарында, он тоғыз жастағы әріптесіміз, телеоператор Айбек Ғазиз да бар.

Айбек Ғазиз, № 31775 әскери бөлімінің сарбазы:

Әдеттегідей жұмыс күндерімнің бірінде әскерге шақырту қағазы келеді, сол күні бағдарламаның түсірілімі болды. Кейін, бірден директорға барып әскерге баруым керектігін айттым.Келесі күні военкоматқа барып, құжаттар мен анализдер тапсырдым. 2-3 күн ішінде казармада болдым, ал 1 аптадан соң Қарағанды қаласындағы әскери бөлімге кеттім..Мектеп қабырғасынан бастап бізді әскери өмірге дайындады, өйткені бұл Отан алдындағы борышымыз деп үйретті. Менің ағаларым да әскерге барып келген, шақырту келгенде бірден дайын болдым

Арнайы әскери киім үлгісін киіп, елін қорғауға, мүлтіксіз адал қызмет етуге ант берген сарбаздар жігерлі, бойларында патриоттық рух пен сүйіспеншілік басым. Айбек Ғазиз сарбаздар қатарында сап түзеп, үйренерім көп дейді.

Айбек Ғазиз, № 31775 әскери бөлімінің сарбазы:

 Әскери өмірім жақсы өтуде, керек заттың бәрі бар, бәрі ұнайды. Жақсы тамақтандырады, киімді қалай дұрыс жуу керек, қалай дұрыс салу керектігінің бәрін үйренесің. Көп мүмкіндік бар. Және әскер қатаң тәртіпке үйретеді, мұнда есейе түсемін деген ойдамын , борышымды өтеп, әскери билетімді қолыма алған соң телеоператорлық жұмысыма қайта оралу, сондай-ақ оқуымды жалғастыру жоспарымда бар

Аз уақытта әскери тәртіпке үйреніп қалған әр сарбаз өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен сезінгені анық. Өз кезегімізде жас әріптесіміз Айбек Ғазизға қабылдаған антына берік болып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен оралуын тілейміз!

Қымбат Садық