Павлодар ауданындағы Мичурин мектебі «Таза Қазақстан» акциясына белсене ат салысты. Білім ордасының мерейтойына орай ұйымдастырылған экологиялық шара аясында көшеттер отырғызылып, мектеп айналасы көркейтілді.

Биыл Мичурин мектебінің ашылғанына 45 жыл толып отыр. Осыған орай «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп аумағына 45 көшет отырғызылды. Бір қызығы – биыл білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларының саны да 45.

Шұғыла Сүлейменова, мичурин ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

«Жыл сайын бұл бізде акция қайталанып отырады, 1-сынып оқушылары өздерінің көшеттерін отырғызады. Биыл сондай сәйкестік болып тұр – 45 жыл, 45 1-сынып оқушысы, сол 45 1-сынып оқушылары 45 көшеттерін – алма ағашы көшеттерін отырғызды. Адал азамат» бағдарламасы аясында, сол бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында экологиялық бағытта балаларға тәрбие беру мақсатында осындай акцияларға белсенді қатысып отырамыз.»

Аталған игі шараға арнайы қонақтар, ардагерлер кеңесінің мүшелері және мектеп түлектері де қатысты. Олар бүлдіршіндерге көшет отырғызуға көмектесті.

Самал Айтқазина, Павлодар ауданы әкімінің орынбасары

«Бұл тәрбиелік мәні бар үлкен бір іс-шара ғой. Сондықтан да балаларды осы қоршаған ортаны қорғауға, жалпы айналасына ұқыптылықпен, үнемділікпен қарауына үлкен әсер етеді деген ойдамыз. Жалпы біздің ауданымызда білім беру ошақтарына қатысты айтатын болсақ, бұл – барлық мектептерде атқарылып жатқан іс-шара. Биылғы жылы білім беру орындарында бізде мыңнан аса көшеттер отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз.»

Оқушылармен қатар ата-аналар да шараға белсене атсалысты. Олар балаларға үлгі көрсетіп, табиғатты аялаудың маңызын түсіндірді.

Алтынай Сесерхан, Павлодар ауданының тұрғыны

«Бұл іс-шараның жалпы мақсаты – тек бір күнде өтетін сенбілік немесе бір күнде өтетін акция емес, бұл жыл бойы балаларды жаңағы тазалыққа, соның ішінде экологиялық тазалық, өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда бұл басты мәселелердің бірі деп айтсақ болады. Және осы мәселені қолдау мақсатында ата-аналар балаларымызға осы ағаштарды өсіруге, қоқысты лас тастамауға тәрбиелеу жолындағы бұл – үлкен күрделі іс-шара. Мен негізі тәжірибелі ата-анамын деп айтсам болады. Осының алдында... қазір алтыншы сыныпта оқитын ұлым бар, ол бірінші сыныптан ағашын үлкен қылып өсірген болатын. Біздің ағашымыз келесі неде бар. Сол ағашты өсірген. Енді мына бірінші сыныпқа быил қызым кіріп отыр, бірінші сыныпқа өзінің алма ағашының тұқымын отырғызып отырмыз»

Айта кету керек, мектеп экологиялық акцияларды жиі өткізіп, табиғатты қорғау ісіне үлес қосып келеді. Білім ордасының аумағында жылыжай жұмыс істейді, ондағы өсімдіктерді оқушылардың өздері күтіп-баптап, еңбекке бейімделуде.

Жұлдыз Қабылденова