Баянауыл ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Көрікті өңірдің табиғатын сақтау мақсатында еріктілер мен жастар таулы аймақтарды қоқыстан тазартты.
Акция барысында қатысушылар Баянауылдың көркем жерлерінде ұзақ уақыт бойы жиналған қоқыстарды тазалады. Еріктілер қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың міндеті екенін түсіндіріп, тазалық жұмыстарының маңыздылығын насихаттады. Мұндай шаралар ауданда тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ринат Ильдин, Баянауыл ауданы «Жастар орталығы» КММ директоры
Мемлекет басшымыз бастаған «Таза Қазақстан» акциясын Баянауыл жастары жоғары деңгейде қабылдап, қолдайды. Біз үнемі «Таза Қазақстаннан» тыс көптеген тазалық жұмыстарын жүргізіп келеміз. Жастарымыз белсенді. Табиғатымыздың сұлу да, көркем бейнесін сақтау мақсатында көптеген жұмыстар атқарады.
Жастардың бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Еріктілер тау бөктерлерін тазалап, қоқыстарды арнайы орындарға шығарды. Белсенді жастар осылайша туған жердің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді.
Аделина Москвитина, ерікті
«Таза Қазақстан» – еліміздің қоршаған ортасын жақсартуға бағытталған экологиялық акция. Ол адамдарды аумақтарды тазалауға, көгалдандыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға біріктіреді. Осы арқылы біз табиғатты қорғау керектігін және тазалық әрқайсымыздан басталатынын ұмытпауымыз қажет екенін айтқым келеді. Бірге біз елімізді таза әрі көркем ете аламыз.
«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба ел тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруды көздейді. Баянауыл жастарының белсенділігі – соның айқын дәлелі.
Сабина Жолдаспаева