Ірі кәсіпорындарда қалдықтар қалай бақыланады? Шығарындыларды реттеу үшін орнатылып жатқан цифрлық технологиялар қалай жұмыс істеп тұр? Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы номері бірінші МАЭС те студенттерге арналған экскурсия ұйымдастырылды. Болашақ мамандардың не көріп, не білгені туралы алдағы материалымызда.

Бір жыл бұрын ғана шығарындыларды бақылау үшін мамандар кәсіпорындарға барып бәрін көздерімен көріп, қолдарцымен ұстайтын. Бүгінде бұл процесс автоматтандырылған. Әрбір энергоблокқа тәулік бойы көрсеткіштерді тіркеп, деректерді экология департаментіне жіберетін датчиктер орнатылған. Экскурсия барысында Екібастұз инженерлік-техникалық институтының студенттеріне бұл жабдықтардың және энергоблоктардың қалай жұмыс істейтіні түсіндіріліп, көрсетілді.

Қазбек Қазбеков, II курс студенті

Мұндай өзгерістерді қазірден бастап білгеніміз өте пайдалы. Өз көзімізбен көргеніміз тіптен жақсы болды, себебі мен бұның барлығының тек сыртынан ғана білетінмін. Осында келіп, бізге көрсетті, 3D-модельді де, видеоны да көрсетті. Жалпы ризамын.

Мансұр Есімтай, II курс студенті

Көп нәрсе айтылды, қатты әсер алдым. Болашақта өз тағдырымды осы кәсіпорынмен байланыстырғым келеді. Мұндағы барлық нәрсе, жалпы ұйымдастырылуы өте ұнады.

Бұл — экология департаменті ұйымдастырған осындай төртінші экскурсия. Мамандар студенттерді қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын автоматты түрде бақылау жүйесі енгізілген кәсіпорындармен таныстырып келеді.

Сабина Мұхаметқалым, Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы

Бүгін біз автоматтандырылған мониторинг жүйесінің көру үшін келдік. Біздің облыста мұндай жүйе 15 кәсіпорында енгізілуі тиіс, оның 11-і қазірдің өзінде орнатты. Біз бұған дейін студенттермен бірге «Қазақстан Алюминийі», Қазақстан электр зауыты, сондай-ақ МАЭС-2-де экскурсия өткіздік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экскурсиялар студенттерге экологиялық бақылау саласында заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуын көзбен көріп, кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізудің маңызын түсінуге мүмкіндік береді.