Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында есірткіге қарсы форум өтті. Шараға 250-ге жуық оқушы қатысып, құқықтық сауаттылығын арттырды. Олар болашақта кездесуі мүмкін қатерлер туралы ақпаратқа қанығып, ондай жағдайда қандай шешімнің дұрыс болатындығы туралы мағұлмат алды.
Жастар көбіне білместікпен ауыр жағдайларға ұрынып қалады. Былтыр облыс аумағында кәмелетке толмаған жеті жасөспірімнің ұсталуы – соның дәлелі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында оқушылардың есірткіге теріс көзқарасын қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Беслан Уюкбаев, Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының басшысы
«Нашақорлықтың алдын алу – баршамызға ортақ маңызды міндет. Бұл бағытта тек бірлескен жүйелі жұмыс арқылы ғана нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Жас ұрпақтың дені сау, білімді әрі саналы болып қалыптасуы – қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан әрқайсысымыз өз үлесімізді қосып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және зиянды әдеттердің алдын алуға атсалысуымыз қажет»
Форум барысында полиция өкілдері, психолог мамандар сөз сөйлеп, құқықбұзушылықтың салдары жөнінде маңызды ақпаратпен бөлісті. Оны бейнематериалдар, нақты деректер мен мысалдар арқылы жеткізді.
Дәрмен Мұратов, Ақтоғай ауданы білім беру бөлімінің басшысы
«Біз Павлодар қаласынан Тимиргалиева Ирина Александровна – пожполковник полициясын шақырттық. Ол кісі жыл сайын біздің ауданымызда нашақорлыққа қарсы жұмыс бойынша үгіт-насихаттау жүргізіп отырады. Сонымен бірге ауданымыздың прокуроры, ауданымыздың ішкі істер жұмыстарының орынбасары және де аудандық акиматтың жұмыскерлері келіп отыр. Бар мақсат – өзіміздің оқушыларымызды алдын ала нашақорлыққа қарсы жамандығын көрсетіп, біліп жүргендей.»
Шараға ауданның 22 мектебінен 8-11 сыныптарда білім алатын 250-ге жуық оқушы жиналды.
Әбдірахман Жүкен, Абай атындағы ЖОББМ 10-сынып оқушысы
«Қазіргі таңда қоғамда салауатты өмір салты туралы, заң мен тәртіп жайлы көптеген іс-шаралар болып жатыр. Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ, біздің мектебімізде де полиция, психология кісілері біздің мектебімізге де келген болатын. Іс-шарада нашақорлықтың алдын алу туралы, оның зияны туралы әртүрлі фильм көрдік, видео көрдік және лекция көрген болатынбыз. Бізде интерактивті ойындар болды, флешмоб болды, яғни нашақорлық туралы әртүрлі сұрақтар қойды. Ол алдын ала қалай келгені туралы сұрақтар қойды – біз жауап бюердік»
Жеткіншектер шараға белсене қатысты. Олар есірткіні сақтау мен таратуға байланысты жаза түрлері және қылмыстық жауапкершілік мерзімдері жөнінде сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.
Жұлдыз Қабылденова