Павлодар облысында кезекті рет заңсыз айналымнан тәркіленген вейптер жойылды. Заңсыз өнімдер әлеуметтік желілер арқылы электронды темекі сатумен айналысқан жеке тұлғаның пәтерінен анықталған. Вейптердің жалпы құны 2,5 миллион теңгені құрайды. Ал алынған өнім саны 2750 данаға жеткен.
Аталған вейптер қылмыстық іс аясында Екібастұз қаласынан тәркіленген. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, бір жарым жыл ішінде бұл – жойылған вейптердің төртінші партиясы. Мамандардың айтуынша, заңсыз өнімдердің басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізіледі. Қазір мұндай құқықбұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілген.
Павел Шакенов, Павлодар облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының М.А
Вейптерді жою жұмысы аса күрделі емес. Дегенмен, ең басты мақсат – өрт шығу қаупінің алдын алу. Себебі вейптердің құрамында аккумулятор батареялары мен түрлі химиялық заттар бар. Олар тұтануға себеп болуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде уақытша сақтау қоймасына қауіп төндіреді. Сондықтан барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Сонымен қатар, біз мектеп оқушылары мен студенттерді тарта отырып, вейптердің құрамында қандай зиянды компоненттер бар екенін көрсетеміз.
Мамандардың айтуынша, вейптерді қолдану адам ағзасына айтарлықтай зиян келтіреді. Психологтар оларды тәуелділік тудыратын заттардың қатарына жатқызады. Электронды темекілер қант диабетінің пайда болу қаупін арттырып, жүйке жүйесін әлсіретеді. Мазасыздықты күшейтіп, адамның психологиялық жағдайына кері әсер етеді.
Анна Сербина, психолог
Вейптердің тағы бір қауіпті тұсы – олар өкпе ауруларын, соның ішінде пневмонияны тудыруы мүмкін. Кейбір зерттеулер олардың инсулиндік бұзылыстарға да әкелетінін көрсетеді. Мұндай жағдайда адам өзіне не болып жатқанын бірден түсінбеуі мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдер үшін зияны зор. Өйткені бұл кезеңде олардың психоэмоционалдық және физиологиялық дамуы қатар жүреді. Вейптер осы екі бағытқа да кері әсер етеді. Нәтижесінде тұлғалық өзгерістер жылдам жүріп, тәуелділік өте қысқа уақытта қалыптасады.
Мұндай жою шаралары жастарға ой салу мақсатында да ұйымдастырылады. Студенттер мен оқушылар вейптердің нақты қандай құрамнан тұратынын көріп, оның ағзаға тигізер зиянын түсінеді.
Никита Ольков, студент
Студенттер электронды темекіге ай сайын шамамен 5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды. Бұл – айтарлықтай шығын. Кейбір жастар түрлі жолдармен заңды айналып өтіп, вейп сатып алып жатады. Қазір де оларды қолданушылар аз емес. Менің танысым бала кезінен қант диабетімен ауырады. Вейптердің де осы ауруға әкелуі мүмкін екенін естігенде, бұл мені қатты ойландырды. Сондықтан өзім мұндай әдеттен аулақ болуға тырысамын.
Мамандар заңсыз өнімдердің таралуына тосқауыл қою ғана емес, оның зияны туралы ақпараттандыру жұмыстарын да күшейту қажет екенін айтады.
Сабина Жолдаспаева